Шымкент: Т. Рысқұлов көшесінің бөлігі екі айға жабылады

233

Шымкентте Т. Рысқұлов көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысына жолайрық салынып жатыр. Осы жоба аясында Т. Рысқұлов көшесінің А. Байтұрсынов көшесі мен Дулати көшесі аралығындағы бөлігі кеңейтіледі. Жол жамылғысы жаңартылады.

Сондықтан Т. Рысқұлов көшесінің оң жақ беті 7 маусымнан 7 шілдеге дейін жабылады. Ал солтүстік бетінде көлік қозғалысы 7 шілдеден 7 тамызға дейін шектеледі. Қозғалыс шектеуі кезінде көліктер көшенің осы бөлігімен қатынай алмайды.

Айта кетейік, Рысқұлов-Қонаев көшелері қиылысындағы жолайырық құрылысы алдағы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Мөлдір Ибадуллаева