25 шілдеде ауыл округтері әкімдерінің сайлауы өтеді

456

Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен республика аумағында өкілеттігі біткен ауыл округтері әкімдерінің тікелей сайлауы 25 шілдеге өтетін болды. Түркістан облысының 16 ауданында 60 ауылдық округтің әкімдері сайланбақ. Айта кетейік, биылғы саяси доданың ерекшелігі әкімдерді ауыл тұрғындары өздері сайлайды.

Түркістан облысында аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының шешімдерімен өңірдегі 181 ауыл округінің 60-сында жаңа форматтағы тікелей сайлауы шілденің 25-іне өткізіледі. Оның ішінде 56-сы ауыл өкілеттіктерінің бітуіне, ал 4-уі ауыл әкімі өкілеттіктерінің тоқтатылуына байланысты сайланады. 60 ауылдық округтің әкім лауазымына биыл 285 кандидат ұсынылыпты. Оның 98-ін саяси партиялар ұсынса, өзін-өзі ұсынғандар саны – 187.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Оразымбетовтың мәлімдемесі бойынша  шілденің 12-не 157 үміткер тіркелген. Ұсынылған 285 үміткердің 260-сының заң талаптарына сәйкестіктері анықталып, 25 үміткердің сәйкестіктері келмеген. Өзін өзі ұсынған 75 үміткердің қол қою парақтарына қажетті қолдары жиналып тексеруден өткізіліпті. Ал 8 үміткер өздерінің жеке өтініштері бойынша арыздарын қайтарып алған

2009 жылы Алматы облысында үлгі ретінде ауыл әкімдерін тұрғылықты халық сайлаған. Биылғы сайлаудың өзгешілігі  ауыл әкімдерін  депутаттар, әкімдер емес, тұрғылықты  халықтың өзі сайлайды».

Форматы бөлек бұл сайлауға қатысты халықтың пікірі қандай? Бұл туралы Төлеби ауданының тұрғындары былай дейді.

«Естіген жоқпын, білмеймін. Ауыл  әкімі жақсы болу керек , халық арызданбайтында», дейді тұрғын.
«Ауыл округі әкімдерінің сайлауы 25 шілдеде өтеді. Әкім қызметіне мемлекеттік қызметте 5 жыл кемінде қызмет етуі тиіс, «этиканы» , ортаны білу керек. Сауатты болу керек. Ең бастысы ауылдағы адамдармен тіл табысуы маңызды», дейді тұрғын.

Ауылда тұрмысымыз түзелсін десек сайлауға белсенді қатысып, іскер әкімді сайлап алуымыз керек деген жұртшылық бұл сайлау «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» жобасы аясында ашық әділ өтетініне сенім білдіріп отыр.

Шынар Оразова