Шымкентте екі университет бас лицензиясынан айырылды

162

Шымкентте екі университет бас лицензиясынан айырылды. Атап айтсақ, олар «Орда» яғни бұрынғы «Silkway Халықаралық университеті» мен «Мирас» жоғары оқу орны. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлімдеді.

Еске салсақ, өткен жылы қос білім ошағын тексеру барысында білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталған еді. Сол мезетте екі білім ордасына анықталған заңбұзушылықтарды жоюға уақыт берілген болатын. Алайда оқу ордалары қателіктермен жұмыс жүргізбей, 8 ай бойы комитеттің лицензияны тоқтата тұру шешіміне шағымданумен айналысты дейді ведомствадағылар.

Эльвира Сапарбекова, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы:  «Осы жылдың мамыр айында қайта тексеру қорытындысы бойынша қателіктермен жұмыс жүргізілмегені анықталды. Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, «Орда» университетінде оқитындардың 97%-ы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алынған білім мен құзыреттердің жеткілікті деңгейін растай алмады. Екі ЖОО—да кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Ағымдағы бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілді. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген».

Айта кетейік, бұған дейін Тәуелсіз білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі осы жоғары оқу орындарының аккредитациядан өтуін тоқтатқан еді. Білім министрлігінің берген мәліметінше, енді қос университет түлектерге диплом бере алмайды. Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа оқу ордасына ауыса алады.

Камила Есенғали