Мәдениет саласын цифрландыру жолы бақыланбақ

556

«Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері алғаш рет Шымкент қаласына табан тіреді. Сапардың басты мақсаты – қаламыздағы мәдениет мекемелерінің цифрландыру бағытына көшу жолымен танысу еді.

Жетістіктері болса басқаларына үлгі етіп, кемшін тұстарына сын айту емес, керісінше көмек көрсетпек. Мәдениет мекемелерінің қорында сақталған асыл мұраларды болашақ ұрпаққа сақтау жолында атқарылған іс-шараның барысымен танысып қайтты.

Кеңес мүшелері алдымен қалалық Әдет-ғұрып және салт дәстүр орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың тыныс-тіршілігін көзімен көрген қонақтар мұндағы жұмысқа көңілі толған сыңайлы.

Халқымыздың өткенінен сыр шертетін тарихи бұйымдарға үңіліп, тек қазақ халқына тән қонақжайлылықтың куәсі болды. Ұлттық тағамдармен жайылған ақ дастарханнан дәм татып, байырғы қазақ ауылының тіршілігін сезінді. Ал, орталық қызметкерлері есімі елге белгілі азаматтардың алдында «Баланы аунату» дәстүрін жаңғыртып, үлкендердің батасын алды.

Кеңес мүшелерінің келесі нысаны «Отырар» әмбебап-ғылыми кітапханасы болды. Мұндағы «Коворкинг» орталығы олардың қызығушылығын оятты. Қонақтар орталықтағы сандық форматқа көшірілген басылымдармен танысты. Және енді ғана пайдалануға берілген кюар бұрышының жұмысын сынап бақты.

«Мирас» кеңесінің төрағасы Бекболат Тілеуханды кітапхана қорындағы 1899 жылғы кітап қызықтырды. Ешқашан құндылығын жоғалтпаған көне туынды барыншы ұқыптылықпен сақталғанына алғысын айтты. Мұндағы барлық залдармен жеке-жеке танысқан қонақтар соңында арнайы сыйлықтарын табыстауды да ұмытқан жоқ.

Бірқатар мәдени мекемелердің жұмысымен танысқан қонақтардың сапары әрмен қарай көшпелі мәжіліске жалғасты. Аталмыш жиынға «Мирас» республикалық кеңес мүшелерімен бірге зиялы қауым өкілдері қатысты

Зиялы қауым өкілдері мәдениет саласын цифрландыру ата мұраларды сақтап қалудың таптырмас мүмкіндігі екендігін айтады. Жиын театр репертуарларының ел дамуына қосар үлесі жайлы да айтылмай қалған жоқ. Айта кетейік, қоғамдық кеңес мүшелері еліміз бойынша мәдениет саласының цифрландыру жолын бақыламақ.