Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттары жастарға берілген жалдамалы пәтер иелерімен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді. Асар-2 шағынауданының тұрғындары балаларға арналған спорт алаңшасына қатысты көршілерімен жиі дауласады екен. Сондай-ақ мұнда автобус пен жол мәселесі де шешілмеген көрінеді.

«Бізге өтініш, мынау арт жағынан спорт алаңшасын жасап беріңіздерші. Мына үйден мәселе бізде. Күнде полиция шақырту. Балалар барса, балаларды қуады».

Бұл Асар-2 тұрғындарының шағымы. Сөздерінше 10 шақты көпқабатты тұрғын үйге бір ғана балаларға арналған спорттық алаңша бар. Алайда бала санының көп болуынан мұнда көршілер алаңға таласып, жиі жанжалдасатын болған. Айтуларынша, үйді ипотекаға алғандар мен жастар бағдарламасы аясында пәтерді жалға алып тұрып жатқандар арасында дау азаймай тұр.

«Кеше осы екі күн бұрынғы жігіттердің жаға ұстасып қалған жерлері бар. Ол бұрынғы анау кинодағыда тринаду район құсап бөлініп кетпей  тұрғанда соны қолға алу керек».

Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттары кездескен халықтың мәселесі мұнымен бітпейді. Олар сапасы сын көтермейтін жолдарды жөндеп, қоғамдық көліктердің қатынауын талап етті. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналарға үлкен жолға шығудың өзі қиындық тудырады.

«Бізге ана трассаға шығу қиын. Мүгедек баланы алып жүру тіптен қиын. Қаланың ішіндегідей 500-600 ге келмейді. 1500-2000 теңгеге оңалту орталықтарына алып барамыз. Емдеуге алып баруымыз керек. Ең бірінші мәселе жол, маршрут. Мына жол істелінбей, сіздерге маршрут жүрілмейді дейді. Ең соңғы айтқан жауабы сол болды», дейді тұрғындар.

Мән-жайдан хабардар болған депутаттар асарлықтардың проблемасын шешу жолдарын қарастырамыз деп сендірді.

Талғат Балтабаев, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: «Қаратау ауданы әкімдігімен біз хабарласып, байланысқа шығып, осы Асар 2 мөлтекауданына балалар алаңшасын салып беру бойынша өзіміздің ұсыныстарымызды бердік. Депутаттар болып. Сол ұсынымыз қыркүйекте өтетін сессияда қаралатын болады. Біз оны депутаттар болып, толықтай қорғап шығамыз деген ниеттеміз. Біз енді осы бойынша автомобиль жолдары басқармасына осы бойынша ұсыныс бердік. Депутаттық сауал жолдадық. Мұны да оң бағытта шешіп беруге ат салысамыз деген ойдамын».

Халық қалаулыларының уәдесін алған қараша халық тұрғын үй сапасы бойынша ешқандай шағымы жоқ екенін алға тартты.

                                               Мөлдір Ибадуллаева