Түлкібаста қауын қарбыз еккен қария өнімдерін Ресейге экспорттамақ…

118

Қауын-қарбыз секілді жылыны сүйгіш бақша өнімдеріне Түлкібас ауданы қолайсыз аймақ. Таулы аймақ болғандықтан көктемнің кеш шығуы және ауа-райының өңіріміздегі басқа аудандарына қарағанда салқын болуы бақша дақылдарының бұл түрлерінің өсіп-өнуіне кері әсерін тигізеді.

Дегенмен,  77 жастағы Сабуров Әжібай есімді ақсақал түрлі технологияларды пайдаланып шаруа қожалығына тиесілі жерінің 6 гектарына қауынның 3 түрін, қарбыздың 6 түрін егіп, мол өнімге қол жеткізгелі отыр.

«Түлкібаста өңіріміздің оңтүстік аудандарынан Сарағаш, Жетісай, Шардараға қарағанда қауын-қарбыз бір жарым айға кеш піседі. Бұған бірден-бір себеп ауданымызда көктемнің кеш шығуы. Табиғаттың бұл құбылысын еңсеру мақсатында көктемде қауын-қарбыз тақталарына жылыжай технологиясын пайдаланамын. Яғни, көшеттер бой алып, толық өңгенше кленка астында ұстаймын»-деп, кәсібінің қыр-сырымен бөліскен шаруа, бақшаның бұл түрлерін егумен соңғы бес жыл айналысып жүргенің айтады.

Өткен жылы 3 гектар жерге еккен қауын-қарбызын алғашқы рет Ресей жеріне жөнелтіп, мол табысқа кеңелген. Биыл да шаруа нарықта сұранысы жоғары қарбыздың жапаондық “Дэнсукэ”(қара қарбыз), ресейлік «Волгоград» және т.б. сорттарын еккен. Өнімін тамыз айының орта тұсында жинап алуды көздеп отырған шаруа, әр гектарынан орта есеппен 30 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, шаруа қожалық 3 гектар жерге картоп егіп, одан әр гектарынан 40-50 тоннаға жуық өнім алуды болжап отыр.

«Еңбек бәрін де жеңбек»-демекші, осылайша қария ерінбей еңбек етіп, таулы аймаққа жат бақша өнімінің түрлерін өсіріп, көпшілікке үлгі болып отыр.