Зообақтағы арыстандар жаңа вольерге көшірілді

118

Зообақтағы екі арыстан жаңа вольерге көшірілді. Хайуанаттар бағының қызметкерлері Қайтпас, Қайсар есімді ағайындыларды жақында құрылысы аяқталған аюларға арналған орынға орналастырды.

Сөздерінше, ауыстыру процесі қиындық туғызбаған. Оларды бір күн бойы аш қалдырып, ет беру арқылы жаңа қонысына кіргізіпті.

Қайтпас және Қайсар есімді бұл арыстандар күні кеше жаңа вольерге ауыстырылды. Бұған дейін циркте өнер көрсеткен ағайынды аңдар биыл 4 жасқа толады екен. Қазіргі жағдайлары бірқалыпты, ақырындап жаңа орнына үйреніп жатыр дейді мамандар. Ескі орнынан қозғалту да аса қиындық тудырмаған.

Әсем Уәлиханова, Жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісі: «Әр қайсысын жеке-жеке көшірдік. Өйткені олар бір сеткаға бірден кірмейді. Кіруі тез болды. Себебі біз бір күн бұрын аш қойдық. Неге? Себебі етке кіргізу үшін. Біз аңға зиян келтіретін ату сияқты нәрселер қолданбаймыз. Тек қана өзіміздің ет тәсілімен ауыстырдық».

Хайуанаттар бағына 4 ай бұрын әкелінген арыстандар осы уақыт аралығында ескі вольерде күнелткен. 41 жыл бұрын салынған бұл орындар жыртқыш аңдар үшін өте тар әрі ескі болды дейді зообақ қызметкерлері. Алайда жануарлар саябағындағы 8 арыстанның алтауы әлі де осында. Жақын күндері бұлардың тағы екеуін жаңа орынға көшіру жоспарланып отыр екен. Ал бұл аюларға арналған вольер болғанымен барлық жағдай жасалған дейді.

Әсем Уәлиханова,  Жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісі: «Екі арыстанға орын дайын бізде. Ол жерде самкаларды ауыстырамыз, яғни қыздар мынау жігіттер болса. Қалғандарын жаңасына ауыстырамыз. Негізі бұл аюларға арналған орын. Аюлар қыста жаурамайды. Бірақ арыстандарға қыста да ішінде орны бар. Жылыту қарастырылған».

Қос арыстан жайлылыққа үйреніп жатыр дейді мұндағылар. Тіпті аптап ыстық олар үшін қорқынышты емес, себебі бассейн мен көлеңке түсіретін ағаштар бар. Айтпақшы, келер жылдан бастап ескі вольерлер сүріледі, орнына жаңа құрылыс басталады. 2023 жылға дейін зообақтың барлық аңдары жаңа вольерде өмір сүретін болады

Мөлдір Ибадуллаева