Денсаулық сақтау министрі Алейсей Цой күздегі эпидахуалдың үш сценарийдегі ықтимал болжамын айтты. Сөзінше, елімізде жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатыр. Соңғы 2 аптада ауру жұқтыру деңгейі 10 пайызға, инфекциялық төсектердің жүктелімі 12 пайызға төмендеген.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Министрлік қараша айына дейінгі эпидемиологиялық болжамды жаңартты. Пессимистік сценарий бойынша қыркүйек айында күніне 6 300 жағдайға, қазан айында 2400 жағдайға жетеді. Шынайы сценарий бойынша қыркүйекте 5 400, ал қазанда 1 800 жағдайға жетеді. Ал оптимистік сценарий жағдайында қыркүйекте 4 200 жағдайға, қазанда 1 300 жағдайға жетеді».
Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин өңірлерде Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыру керектігін айтты. Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияға осы жөнінде тапсырма берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың саны 6,5 млн. адамға жуық, ал екінші компонентін 5 млн-нан астам адам салдырды. Вакцина салдыру науқанын одан әрі күшейту қажет. Ведомствоаралық комиссияға эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі Ashyq жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын».
Әлихан Файзханов