Шымкентте көлікке тұрақ салу үшін ағаштарды кесіп тастауда. Осылай деген бір топ тұрғын біздің редакциядан араша сұрады. Бірақ тұрақты қажет деп санайтын тұрғындар да бар. Ал мердігер талдарды кесуге рұқсаттың бар екенін айтады. Алайда, қаладағы ағаштарды кесуге рұқсат беретін мекеме мұны теріске шығарып отыр.
Шымкентте саябаққа арналған автотұрақ саламыз деп ағаштарды кесіп жатыр. Көлік тұрағы 12 шағынаудандағы 219 үйдің дәл алдына салынбақ. Бірақ №219, 219 а және б үй тұрғындары оған қарсы. Біріншіден, ағаштарды аяусыз кесіп жатқанын айтады. Екіншіден, бұл аудан тыныш аймақ дейді. Оған қоса үлкен ауқымды құрылыс жұмыстары болады деп ескертілмегенін жеткізді. Ал, автотұрақ бойынша мүлде сөз болмаған екен.
Мақсат Төлебаев, тұрғын: «Мына жерде айқай-шу болып жатыр тұрақ жасайын деп жатыр деп. Әрине, біз оған қарсымыз. Басында айтылған үйге кіретін басты жолды кеңейтеміз деп айтылған. Саябаққа қарсы болып жатқан ешкім жоқ. Біздің жалғыз сұранысымыз болған. Ескі тротуарларды дұрыстап, ескі ағаштарды жаңалау еді. Енді биыл біліп жатырмыз ғой толық жаңарту жасайтынын. Енді бұл жерде ішінде жас талдар да бар еді, олардың бәрін кесіп тастаған. Ал, бірақ сынған, ескірген ағаштарды кескен дұрыс қой. Бірақ жаңа талдарды да кесіп тастағандары бар да арасында. Мына жерді теп-тегіс қылып тастаған ғой. Бір тал қалмаған».
Алайда, тұрақтың салынуын қолдайтын тұрғындар да бар болып шықты. Олар есік алды кең болғаны жақсы деп отыр. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер келгенде кіре алмайды екен. Тіпті үй тұрғындарының көліктері сыймай бір-бірімен жанжалдасып қалатын көрінеді.
Қонысбек Тілешов, тұрғын: «Мен қарсы емеспін тұрақ болғанына. Халық үшін жасалып жатқан тірлік. Ағаштар 50 жыл болған, кәртейген. «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» дейді. Кесілмегені де дұрыс қой. Уақытылы суғарып, қарап тұрса. Қарап жатқан ешкім жоқ».
Наразы тұрғындар жауапты мекемелерге де шағымданыпты. Оларды сол маңайдағы жұртпен кездесуге шақырған. Алайда, жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы бұл орында талдарды кесуге ешкімге ешқандай рұқсат берілмегенін айтады.
Дархан Тұрғанбай, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Талды кесу үшін бізден рұқсат алады. Бұл жердегі жағдайда қазір көріп отырмыз. 4-5 тал кесілген. Бізден рұқсат алмаған».
Ал, жоба құрылысын жасаушы мердігер мекеме өкілі барлық рұқсат бар екенін алға тартып отыр. Сөзінше онда жауаптылардың қолы да бар. Қазір 7 түпке жуық тал кесіліпті. Жоба бойынша 102 ағаш кесілуі керек екен. Бірақ мердігер мекеменің өкілі оның бәрі кесілмейді дейді.
Алтынбек Үсенбеков, «ИМПУЛЬС» ЖШС өкілі: «Біздің мынау халық сайлаған депутаттары бекітіледі. Депутат бар, қаланың әкімінің қолы бар. Сол арқылы біздің жоба шығады. Сондықтан да бұл жерде барлық рұқсат қағаз бар деген сөз. Смета деген нәрсе мемлекетіміздің рұқсатымен шешілетін нәрсе. Оны тапсырыс беруші дайындайды. Бізге оның бәрі көрсетілген. Одан кейін бізге тағы да қалалық әкімдік тарапынан, құрылыс тарапынан 102 ағаш кесуге рұқсат жазып отыр олар. Кесілсін, орнына 275 сәнді ағаш отырғызылсын деп тұр орнына. Жобадағы ағаштың бәрі кесілмейді. Жобада 102 ағаш берілетін болса, біз ары кетсе өткенде 6-7 ағашты кесіп бастаған кезде халықтың наразылығы басталды. Біз тоқтаттық».
Олжас Айдарбек