Инфекционист: «Екпе салдырмағаны үшін жаппай айыппұл салу мақсат емес»

105

Ел бойынша стационардағы төсек орын толымдығы 54 пайыздан асты. Елдегі эпид ахуал туралы баяндаған мамандар тұрғындардың 60 пайызы вакцина салдырғанда ғана ұжымдық иммуниетке қол жеткізетініміз туралы айтты. Бірақ вакцинациялаудағы басты мақсат бәріне айыппұл салу емес дейді ақ халаттылар.

Вакцинациялаудағы басты мақсат – халыққа айппұл салу емес. Осылай деген денсаулық сақтау министрлігінің инфекционисті ұжымдық иммуниетті қалыптастыру үшін вакцина қабылдау керек екенін тағы да еске салды. Елдің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 10 тамызға дейін екпенің тым болмағанда біріншісін салдыру керек болатын. Бірақ бұл қаулы кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Олар айыппұл санкциялары жұмысына кедергі келтіреді деп қауіптенеді.

Бақыт Көшерова, ҚР ДСМ штаттан тыс инфекционисті: «Осыдан екі апта бұрын бірінші компонентпен вакцинациялау мерзімі кейінге шегерілді. Әуелде 1 тамызға дейін, енді 10 тамызға дейін ұзартылды. 1 қыркүйекке дейін екінші компонент болуы керек. Сонымен қатар, біз вакцинация қарқыны артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қазір мерзімді ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл ретте бизнес-қоғамдастықты тыныштандырғым келеді: бүгін, ертең немесе жақында ешкім шығып, бірінші компоненттің жоқтығы үшін айыппұл салуды жоспарлап отырған жоқ. Бәріңізден қызметкерлерге жауапкершілік туралы түсіндірулеріңізді сұраймыз».

Айта кетейік, бүгінде ел бойынша стационардағы төсек орын толымдығы 54 пайыздан асты. Бұл туралы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы мәлімдеді. Ол ауыр жағдайдағы науқастардың көбеюіне дәрігерге уақытылы жүгінбей, үй жағдайында ем қабылдауы себеп болып отыр дейді. Сондықтан, халықтан сырқаттанған жағдайда бірден медицина қызметкерлерін шақыруын сұрады.

Айма Сағындықова,  ҚР ДСМ стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы: «Нашарлаудың, реанимация бөліміне ауыстырудың және ауыр дәрежедегі пациенттер санының артуының негізгі себебі пациенттердің медициналық көмекке кеш жүгінуі және ілеспе аурулардың болуы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындардан алдын алу шараларын сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өзін – өзі емдеумен айналыспауға және уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырамын».

Қазіргі таңда ел бойынша реанимациядағы төсек-орын толымдығы да 45%-ды құрап отыр. Елде эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда 7 419 инфекциялық төсек-орынға арналған резерв бар дейді ақ халаттылар.

Мөлдір Ибадуллаева