Жолайырық құрылысы төңірегіндегі дау

142

 Шымкентте Бәйдібек би пен Ұ.Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысы ағымдағы жылдың қарашасына жоспарланған. Дайын жоба мемлекеттік сараптамадан өткен дейді мамандар. Алайда осы төңіректегі бірқатар коммерциялық нысандардың иелері құрылыстың жүргізілетіні жайлы ресми органдардан ешқандай ескерту хат алмадық деді. Екі ай қалғанда нысанға кіріп шығу, тұрақ мәселесі қалай шешіледі деген олар сауалдарын кәсіпкерлік палатада өткен жиында жауаптыларға төтесінен қойды.

Кәсіпкерлік палатасындағы жиын Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайырық құрылысына қатысты сол төңіректегі коммерциялық нысан иелерінің өтінішімен ұйымдастырылып отыр. Кәсіпкерлер жоба бойынша қай нысандар мемлекет мұқтаждығына алынады және қай учаскеде құрылыс жүргізілетінінен хабарсызбыз дейді.

Мақсат Орманбек, кәсіпкер: «Жолайырық қажет, алайда біз кәсіпкерлер жұмысымызды қалай жүргіземіз? Тұрақтар қай жерде орналасады? Біздің құқығымызды кім қорғайды?».

Кездесуге жауапты басқармалардың басшылары мен мамандары және Әл Фараби мен Қаратау аудандық прокуратура өкілдері қатысты. Жобалаушы мекеменің өкілі жолайырық құрылысы бойынша барлық қажетті құжаттар дайын екенін алға тартты.

Нафиса Ахатқызы, жобааушы: «Бәйдібек би мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы қараша айында басталмақ. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жиналысқа сол төңіректегі нысандары бар кәсіпкерлер қатысты».

Жалғас Сыдықов, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы, жер қатыстары басқармасының бас маманы: «Ескерту хатты поштамен жібердік. Қаулы БАҚ жарияланады».

Бас маманның пайымдауынша, хабарлама 52 кәсіпкерге жолданған. Бірақ жиынға қатысқан кәсіпкерлер хабарлама түгілі жобаны да көрмедік деп отыр. Қадағалаушы орган өкілдері де өз пікірлерін білдірді.

Нысан құрылысына тапсырыс берген Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы бұл түйткілдің шешу жолын ұсынды.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қазір талқылаудан еш шешімге келмейміз, сондықтан басына барайық, 15 кәсіпкер сол жерде көрсетеміз қай жерде тұрақ болады. Қай учаскелер мемлекет меншігіне алынады».

Екі жақ қызу талқыға түсірген мәселенің түйіні бұл жиында толық шешілмеді. Енді жиынға қатысушылар үш күннен кейін қайта бас қосатын болды.

Шынар Оразова