Шымкентте мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің көлік жүргізушілері қазіргі эпидахуалдың жақсаруына өз үлесін қосып жатыр. Шаһардағы короновирус індетінің өршуіне байланысты мәдениет үйлерінің басым бөлігі онлайн режимге көшкен. Ал ондағы жүргізушілер қызметтік көліктерімен мобильді топ дәрігерлерін тасымалдауда.
Арапбай Ибрагимов бұған дейін Шымкент қалалық қуыршақ театрының көлік жүргізушісі болып келген. Ал 31-ші шілдеден бастап №2 емхананың мобильді топ дәрігерлерімен бірге жұмыс істеп жатыр. Яғни, қала тұрғындарынан ПТР сынамасын алуға, науқастарды емханаға жеткізуге қол ұшын созуда. Себебі, шаһарда эпидахуалдың өршуіне байланысты мәдениет үйлері онлайн режимге ауысқан. Қиын кезеңде көмек беруді көздеген мәдениет басқармасы емханаларға 9 көлік пен жүргізушілерін жұмылдырыпты.
Арапбай Ибрагимов, Шымкент қалалық қуыршақ театрының көлік жүргізушісі: «Көмекке келдік. Көмек болып күніге келеміз. Сағат таңғы 8-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеп жатырмыз. Күніне түске дейін 13-14, түстен кейін 12 сондай әр түрлі рейс жасап жатырмыз».
Қазіргі таңда қалалық №2 емханада 12 мобильді топ жұмыс істеуде. Олар бір күнде 100-130 адамға қызмет көрсетіп отыр екен. Дәрігер шақырған тұрғындар күнделікті тексерістен өтіп, қадағалауға алынады. Ақ халаттылар қаладағы бүгінгі жағдай күрделі, ауырып жатқан тұрғындар саны күннен-күнге өсіп жатыр дейді. Осы ретте дәрігерлер көмекке келген басқарма қызметкерлеріне ерекше алғысын жеткізді.
Гүлжан Шардарбекова, Шымкент қалалық №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
«Көлік мәселесі сәл қиындық туындап, денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен бірнеше мекемелерге шығып, жеке мекемелерге шығып, қазір бізде жан-жақтан көмек беріліп жатыр. Соның бірі бүгінгі таңда мәдениет басқармасының көлік жүргізушісін өзінің транспортымен бірге бөлді. Алғысымыз шексіз. Бұл да болса, қазіргі таңда қиын кездегі біздің жұмысымызға демеу болып жатыр. Сол кісілерге біз көптеген алғысымызды айтамыз».
Ал Нұрмат Бабаев №1 емханада қызмет көрсетуде. Мұнда 5 жұмыс көлігі және ауысыммен істейтін 9 мобильді бригада бар. Бұған дейін цирк әртістерін тасымалдаған жүргізуші медицина қызметкерлерінің жұмысы қиын екеніне көзім жетті дейді.
Нұрмат Бабаев, «Шымкент-цирктің» көлік жүргізушісі: «Менің міндетім осы қасымызда медбике, дәрігер жүреді. Солармен бірге үйме-үй жүріп аурулармен байланыста болған науқастарды тексеріп, анализин алып келеміз. Медиктердің жұмысы өте қиын екен, өзім көзіммен көріп тұрмын. Қиын екен. Мен медиктерді енді түсіндім. Медиктердің шынында да жұмысы ауыр екен».
Айта кетейік, көлік жүргізушілерінің барлығы вирусқа қарсы екпе салдырған. Ел игілігіне қызмет көрсететін көліктер де арнайы техникалық бақылаудан өтіпті. Ал көліктің шығындарын да мәдениет басқармасы өз мойнына алыпты.
Мөлдір Ибадуллаева