Түрік ұлтының өкілі: «Қазақтың мейірімін ешқашан ұмытпаймыз»

102

«Отырар» телеарнасы «Отбасы тарихы» репортаждар сериясын жалғастырады. Бүгінгі кейіпкеріміз Шымкентте өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Алиевтер отбасы. Түрік ұлты өкілінің ата-бабасы қазақ еліне қалай келді, қазіргі тұрмыс-тіршілігі қандай? Мерейлі отбасы болудың сыры неде? Біздің түсірілім тобы әулет шаңырағына арнайы барып, отбасы мүшелерімен тілдесіп қайтты.

Алиевтер отбасының ата-бабасы 1945 жылдары Грузия елінен жер аударылып келген. Шымкент жеріне қоныстанған түрік ұлтының өкілдері қиын-қыстау заманда қол ұшын созып, көмек көрсеткен қазақ ағайынның мейірімін ешқашан ұмытпайтынын айтады.

Ұлт болып қалыптасып, әдет-ғұрып және салт-дәстүрін жалғастыруға мүмкіндік берген елдің жақсылығын ұрпақтан-ұрпаққа түсіндірумен келеді. Сол ұрпақтың бірі Шымкентте туып-өскен Бачак Алиев.

Бачак Алиев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Сол кезде бұл жақтағы адамдардың да жағдайы мәз емес еді. Алайда олар өзіміздің жағдайымыз осындай сендерге қарай алмаймыз демеді. Өзінде барымен бөлісті. Бірі нанымен, бірі тарысымен, енді бірі көрпесіне дейін бөлісті. Мұндай жақсылықты тек қазақ сияқты көңілі кең адамдар жасай алады».

Бачак Алиев заң саласында қызмет еткен. Адал еңбек етіп, талай жетістікке жеттім дейді ол. Бүгінде зейнет жасына шыққан тұрғын өнерге бір табан жақын болғанын жасырмады. Қолынан ұлттық аспабын тастамайды. Қанында бар қасиет балаларының бойына да сіңген. Демалыс күндері немерелерімен бірге ән айтуды әдетке айналдырған ел ағасы біздің арна көрермендері үшін де өнер көрсетті.

Ал отанасы 4 келінді бір шаңырақта тату-тәтті ұстап отырған өнегелі ене, аяулы ана, адал жар. Оның айтуынша үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре білген жанның мерейі үстем болады. Біз үшін түрік ұлтының ұлттық тағамы хенкалды келіндеріне әзірлетіп, оның жасалу жолын да түсіндірді. Бұл тағам қадірлі қонаққа арнайы дайындалады екен.

Өмірлік жарына деген сезімі сөнбеген отағасы мерейлі отбасы болудың сырымен бөлісті. Оның айтуынша ерлі-зайыпты өз орнын біліп, ашық сөйлесе алса, шешілмейтін мәселе болмайды. Айта кетейік, Алиевтер әулеті Шымкентте өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.

Бачак Алиев: Үйлену оңай, үй болу қиын дейді ғой. Жастар ары қарай қарым-қатынасты реттеу керек. Бірі ашулы болса екеншісі оның ашуының қайтқанын күту керек. Одан кейін ашық сөйлесу маңызды».

Көп ата-ана бақыт бірлігі жарасқан мекенде екенін айтады. Ал, ынтымақ пен бірлік шынайы сезімнен құралады. Айта кетейік, Шымкентте бүгінгі таңда 50 мыңға жуық түрік ұлтының өкілі бар.