Пандемия: Қоғамдық көліктер қаншалықты қауіпсіз?

101

Шымкенттің «қызыл» аймақта тұрғанына бірнеше апта болды. Қалада КВИ жұқтырған науқастар саны күннен-күнге артып жатыр. Сондықтан кейбір кәсіпорындар жаңа қаулыға сәйкес жұмысын тоқтатты, ал енді бірінің жұмыс уақыты шектелді. Дегенмен, қоғамдық көліктің жұмысы өзгеріссіз қалды, автобустар мен микроавтобустар тек демалыс күндері ғана жолаушы тасымалдамайды.

Алайда қала тұрғындары автобустардың әлі де вирустың негізгі ошағы болып тұр деп шағымдануда. Қарбалас уақытта автобустарда жүру мүмкін емес, ал жолаушылар тұрғындары бетперде тақпайды. Біздің тілшілер қоғамдық көліктердің қаншалықты жиі дезинфекциядан өтетінін біліп қайтты.

Сағат түскі 13:00-ді көрсетіп тұр. Бұл №74-ші маршруттың соңғы нүктесі. Ал автобуста дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатқанда жүргізушілер мен кондукторларға он минуттық үзіліс. Қорғаныс костюмдері, маскалар мен қолғап киген мамандар еденді және вирустың ошағы саналатын орындық пен тұтқаларды залалсыздандыруда. Айтуларынша, күніне шамамен 800 автобус пен микроавтобусқа дезинфекциялық жұмыстарын жүргізеді екен.

Жомарт Елейсізов, «ONLINEPHARMA » ЖШС директоры: «Біз автобустарды күніне екі рет, соңғы нүктеде бір рет залалсыздандырамыз. Күндіз біз ағартқышпен, кешке дез-препаратпен тазалаймыз. Бұл адамдарға, жануарларға зиянды емес, қауіпсіз. Бізде 14 бригада жұмыс істейді, онда 28 маман бар».

Сары костюмдегі бұл қызметкерлерді көрген жолаушылар лезде бетперде тағуға асығады. Шымкенттіктердің қоғамдық көлікте маска тағуы мен жолақысын төлегендігін бақылайтын 15 топ жасақталған. Мамандар рейдке күн сайын шығады. Әр топ күніне 50-60 автобус пен микроавтобусты қадағалайды екен.

Сәкен Райымқұлов, «Диспетчерлік қызмет орталығы» басшысының орынбасары: «Бізге жергілікті атқарушы орган қаражат бөлді және оған бетперде сатып алдық. Егер бетперде сатып ала алмайтын жолаушылар анықталса, біздің қызметкерлер оларға масканы таратады».

Шымкент қазір «қызыл» аймақта. Шаһарда өткен жексенбіде кви жұқтырған 650 науқас анықталды. Үшінші мегаполистегі автобустарға қалыпты режимде жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен бірақ орын саны маңызды.

Автобустар аялдамаларға тоқтаған кезде есіктері ашық болуы тиіс. Айта кетейік, қалада демалыс күндері қоғамдық көліктер жолаушы тасымалдамайды.

                                  Мөлдір Ибадуллаева