«Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды»: полиция түсініктеме берді

191

Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде заңгер Абзал Құспан жазды. Ол бұл «сенуге болатын адамдардан алынған ақпарат» екенін жеткізді

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат тарады. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Полиция ақпаратына сәйкес, оқиға 13 маусым күні болған. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ-ға жалған құжатпен қатысқан түлектерді анықтады.

«Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді полиция департаментінде.
Бұған дейін белгілі КВН ойыншысының қызы үшін өзге біреу тест тапсырды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Facebook-те заңгер Абзал Құспан жазды. Ол бұл «100% сенуге болатын адамдардан алынған ақпарат» екенін жеткізді.

Заңгердің айтуынша, ҰБТ-ны Әдемі Аманғали үшін университеттің 2-курсында грантта оқитын студент тапсырған.

Құспан адамдар Тұрсынбек Қабатов қызы үшін өзге адам тест тапсыруға келгеніне куә болғанын жазды.