Қазақстанда ревакцинация науқаны қашан басталады? Бұл сұраққа бүгін еліміздің Денсаулық сақтау министрі жауап берді. Сөзінше вакцинаны қайта салу туралы айтуға әлі ерте. Ол тек қазан айында ғана маңызды болуы мүмкін. Себебі, дәл сол уақытта алғаш екпе ектірген қазақстандықтардың вакцинацияланғанына 9 ай болады.

Бірақ ревакцинацияға деген халық көзқарасы қазірдің өзінде белгілі болып жатыр дейді ведомства басшысы. Сондай-ақ, Алексей Цой жүкті әйелдер мен балаларға қашан вакцина салынатыны туралы да мәлімдеді.

Қазақстанда бірнеше айдан бері ревакцинация туралы айтылуда. Себебі, әзірге қауіпті індеттен ұзақ жылдарға дейін қорғайтын вакцина ойлап табылған жоқ. Коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет қалыптастыру белгілі бір уақытқа дейін жалғасады. Сондықтан жыл сайын Ковид-19-ға тұмау сияқты екпе егуді қажет етеді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазір вакцинацияланған қазақстандықтардың антиденелерінің деңгейі жоғары.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Ревакцинацияны тек жоспарлап отырмыз. Біз қазір өзіміз нақтылап жатырмыз. Ревакцинация екі түрлі болады. Ұжымдық иммунитеттің 60-70 пайызы қалыптасқанға дейін шұғыл түрі бар. Ол әдетте жылына бір рет жасалады. Біз қазір бөліп жатырмыз, өйткені Қазақстанда, ақпан айынан бастап вакцинация егіле бастады. Бірақ басым бөлігі маусым-шілде айларында егілді. Сондықтан бізде антиденелер әлі де жаңа, деңгейі жоғары, сондықтан екінші дозаны алғаннан кейін шамамен 9 айдан кейін қажет болады».

Министрдің айтуынша, кейбір елдерде ревакцинация басталып кетті. Екпенің алғашқы дозасын өткен жылы алған АҚШ, Израиль және Ресей халқы қайтадан екпе салдырып жатыр. Себебі бұл ел тұрғындарында антиденелер деңгейі төмендеген. Алғашқылардың бірі болып вакцинацияланған қазақстандықтар үшін ревакцинация тек қазан айында ғана жасалуы мүмкін.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Ақпан айының басында екпе алған біздің азаматтар үшін 9 айдан кейін екпені қайта егуге болады. Шамамен бірінші қазан. Қазір бұл талқылану үстінде. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, мүмкін бұл әдістерді іске қосамыз».

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып дәрігерлер мен мұғалімдер, полицейлер және мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер антидот қабылдаған болатын. Вакцинация мәдениет және демалыс, қызмет көрсету, жолаушылар тасымалы, білім беру және білім беру ұйымдарының қызметкерлері үшін де міндетті болды. Ал, жүкті әйелдер мен балалар күзде вакцина салдыруына болады. Оларға пфайзер екпесі егіледі дейді министр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазан айының бастапқы кезеңінде Pfizer вакцинасы балалар мен жүкті әйелдер үшін ғана қолжетімді болады. Бірақ екпенің бұл түрі өзгелер үшін емес. Сондықтан қазір барып, екпе қабылдау керек. Бір аптаның ішінде Қытайдан денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған тағы бір вакцина келеді».

Қазақстанда күн сайын 7 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Бүгінде Түркістан облысынан басқа барлық қалалар мен өңірлер эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша қызыл аймақта. Ал, «Қою қызыл» белдеуде бес қала бар – Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды. Күн сайын ковидтен жүзден аса адам қайтыс болуда.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева