70 жыл күрделі жөндеу көрмеген мектеп

152

Қазығұрт ауданы орталығында орналасқан Сәтбаев бастауыш мектебі апатты жағдайда тұрғанына біршама жылдар болған. Салынғанына 70 жылға жуық уақыт өтсе де, бір рет болсын жөнді күрделі жөндеу жұмыстарынан өтпеген екен.

Қабырғалары қақырап, едендері ажыраудың аз-ақ алдында тұр. Жауаптылар маусым сайын жүргізетін жеңіл-желпі жөндеу жұмысымен шектелетін көрінеді.

Қазығұрт ауылында орналасқан мына мектеп апатты жағдайда тұрғанына бірнеше жылдар болған. 1953 жылы салынған Қаныш Сәтбаев атындағы бастауыш мектебі бір рет болсын жөнді күрделі жұмысын көрмеген. Жауаптылар келесі айда мұндағы оқушылардың жартысын жаңадан салынған білім ордасына ауыстырамыз дейді. Оған дейін 1-2 айдың ішінде нысан құлап қалмайды деп сендірді.

Дастан Үйсінбаев,  Қазығұрт аудандық адами әлеуметтік дамыту бөлімінің басшысы: «Апатты мектеп деп табылғанымен қазіргі таңда бұл бюджеттен қаржы қарауға оның ғимараттың салынуы мерзімі ұзақ жылдар болған. 1-2 айдың көлемінде құлап қалу қаупі жоқ. Мұның күрделі жөндеуге қаржы қоймау негізгі себебі сабанды кірпішпен салынған мектептерге құрылыстың заңына сәйкес күрделі жөндеуге қаржы қаралмайды».

Ал мектептің кіре-берісінде мүлдем қызық жағдай болды. Ашық бағдарламасымен нысанға кірейін десек, QR-кодты енгізетін қағаз жоқ. Мекеме қызметкерлері таңертең ғана болғанын, біз келгенге дейін түсіп қалғанын айтты.

Сондай-ақ, бұл мектеп интернет желісіне қосылмаған. Оқушыларға заманауи талапқа сай білім алу үшін жағдай жасалмаған. Әжетхана мектептің сыртында орналасқан, мектеп директорының сөзінше, оқушыларды онда алып барып келетін қызметкерді белгілеп қойған екен.

Ал аудан әкімі бұл мәселеден хабардар екен. Сөзінше, Кезеңбұлақта жақында мектеп ашылады. Апатты жағдайда оқып жатқан оқушыларды сонда ауыстыруды жоспарлап отырмыз дейді.

Арман Абдуллаев,  Қазығұрт ауданы әкімі: «Мен жақында ғана аудандық бөлім меңгерушісімен осы тақырыпта сөйлескен болатынмын. Ол маған бір ай ішінде басқа мектепке ауыстырамыз деп уәде берді. Осы мәселені түпкілікті шешу үшін Кезеңбұлақта 1 қазан күні жаңа мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Оқушыларды сонда ауыстырып, мектепті жабуды ойлап отырмыз».

Аудан әкімі осындай апатты жағдайда тұрған Рабат және Тұрпат елді мекенінде мектеп бар екенін жеткізді. Сөзінше, осы проблеманы шешу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде

Әлихан Файзханов