Осы аптада елімізде декларация тапсырудың мерзімі аяқталады. Кірістер комитетінің мамандары активтер мен өзге де мүлікке қатысты деректерді 15 қыркүйектен кешіктірмей өткізу қажеттігін ескертеді. Айтулы құжатты ескертуден кейін де тапсырмағандар 43 мың теңгеден аса айыппұл арқалайды.
Биыл қаңтарда жалпыға бірдей декларацияны енгізудің бірінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайы декларация толтыруға міндеттелген.
Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы әкімдігіндегі 35 мемлекеттік қызметкер декаларацияны 100 пайыз тапсырған . Алғашқылардың қатарында аудан әкімі қызметіне жақында тағайындалған Досбол Есілбек те айтулы құжатты ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тапсырып қойыпты.
Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі: «Отбасымызда әйеліміз екеуміз наурызда электронды нұсқа бойынша декларацияны тапсырдық. Менің атымда жылжымайтын мүліктен жеке тұрғын үйім бар. Жұбайым үй шаруасында екі балаға қарап отыр. Ата -анамызбен тұрамыз. Көлік не саяжай атыма тіркелмеген».
Мемлекеттік кірістер басқармасындағылар декларацияны Е-Salyq Azamat арқылы тапсыруға болатынын ескертеді. Е-Salyq Azamat тегін мобильді қосымшасын App Store немесе Play Market-тен жүктеп алуға болады.
«Мемлекеттік қызметкерлер, олардың жұбайылары 15 шілдеге дейін қағаз нұсқасында декларация тапсырса, 15 ші қыркүйекке дейін электронды түрде тапсырып аяқтауы қажет. Ескертеміз уақыт аз қалды»,- дейді Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Мейрамбек Бексұлтанов.
Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің кезеңдеріне тоқталсақ. Биыл 1 қаңтардан бастап жауапты мемлекеттік лауазымдағы адамдар мен олардың жұбайы, 2023 жылдың бірінші қаңтарынан мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері, олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайы, 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайы, дара кәсіпкерлер және олардың зайыбы, 2025 жылдан бастап халықтың қалған санаттары міндетті декаларцияны тапсырады.
Шынар Оразова