ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі «Ясауитану – 2021» республикалық байқауы өтті.

Жиырма төртінші рет шымылдығын түрген сайысқа еліміздің облыс, қалаларынан үздік деп танылған 30 үміткер қатысты.

Дәстүрлі байқауды ашып берген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев барша қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, жас ясауитанушылардың талабына сәттілік тіледі.

Байқаудың мақсаты түркі халықтарының рухани тұтастығын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін насихаттап, өскелең ұрпақты ұлы баба мұрасын терең меңгеруге, зерттеуге ынталандыру, интеллектуалдық пайым-парасатын дамыту, кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін өскелең ұрпаққа дәріптеу болып табылады.

Осы орайда сайысқа түскен оқушыларға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Е.Тәжібаев, т.ғ.к. М.Тұяқбаев, т.ғ.к., доцент З.Жандарбек, қор сақтаушы Н.Әшірбекова, ф.ғ.к., доцент Ө.Малдыбеков қазылық етті.

Екі кезеңнен тұратын байқау барысында бас жүлдеге Түркістан облысының қатысушысы Бердібай Ерболат лайық деп танылып 150 000 теңге арнайы жүлде және диплом табысталса, 100 мың теңге ақшалай сыйақы тағайындалған бірінші орынды Түркістан облысынан Ақжүніс Атахан,
екінші орынды 75000 теңге жүлдемен Алматы облысынан Еркеш Бердахмет және Қостанай облысынан Мөлдір Айтмұратова иеленді. Үшінші орын мен 50 мың теңге жүлде Шымкент қаласынан Аздар Аманғалиға және Ақтөбе облысынан Әсем Сейсеноваға, Қызылорда облысынан Гауһар Әзенге тапсырылса, өзге де қатысушылар мен ұстаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді.

Айта кетсек, «Ясауитану» байқауының тарихы 1997 жылдан бастау алады. Ең алғаш рет қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқау кейіннен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге қанат жайған.

 

QAINAR KÓZ«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі