«Алтын ғұмыр» республикалық байқауы мәресіне жетті

620

Қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, ақын, сазгер, жазушы Әкім Ысқақтың шығармашылығына арналған «Алтын ғұмыр» республикалық байқауы мәресіне жетті.

Екі кезеңнен тұратын байқау аясында жазушының туындыларына арналған шығармалар мен өлеңдер жинақталып, іріктеуден өткен 20-дан аса туындының үздіктері анықталды

Нәтижесінде «Үздік шығарма» номинациясына Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Сабырды ұсынылып, Бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, «Үздік жыр» номинациясына астаналық Бекзат Ахмет, «Үздік видео туынды» номинациясына Батыс Қазақстан облысынан Айгүл Бауыржанқызы лайық деп танылды.

Байқауға қатыстырылған шығармаларды белгілі ақын – жазушылар сарапқа салып, туындылардың көркемділігі мен мазмұнына және сөздік қорды қолдану шеберлігіне мән берді. Жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен қомақты ақшалай сыйлықтар тағайындалды.
Әкім Ысқақ – Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, 1997 жылдың «Жыл адамы», қоғам қайраткері, Ордабасы, Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, республика білім беру ісінің үздігі, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, мектеп оқулықтарына шығармалары енген, 30-ға жуық кітаптары жарық көрген, туындылары бірнеше тілге аударылған белгілі қаламгер, ақын, сазгер.

Әкім Әбдіхайымұлы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөржар ауылында туған. Оның «Қарлығаш» «Желтоқсан құрбандарын жоқтау» жинағы, «Бір физиктің махаббаты» (сықақ өлеңдер) «Жібек жолы» «Айтшы өмір!» (өлеңдер жинағы), «Үш жүздің басын қосқан Ордабасым» (аудан тарихи туралы алғашқы танымдық кітап) «Абзалдық әліппесі» (күнделік-эссе),«Көш-керуен»,«Атамекен армысың, елім-жұртым бармысың?», «Отаным – Қазақстан!» кітаптары, «Гүл қауызындағы тамшы» (өлеңдер жинағы), «Нұрлы әлем», «Адам іздеп жүрмін», (күнделік-эссе), «Бақыт жолы», «Жүректегі жазулар» (күнделік-эссе), «Күн ұлымын» (өлеңдер), «Жан жаңбыры» (өлеңдер жинағы), «Махаббат хаттары», «Әке тағылымы», «Ақсауытты Ақтамберді» атты көптеген кітаптары жарық көрді.

Орыс тілінде «Записки сердца», «Мелодий дождя» атты кітаптары жарыққа шыққан. Шығармалары орыс, өзбек, түрікмен, қырғыз тілдеріне аударылған.