Шымкентте эпидахуал біршама тұрақталып келеді. Бірақ босаңсуға болмайды дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов. Айтуынша, өткен тәулікте індет жұқтырудың 25 жағдайы тіркелген, және оның ешқайсысы екпе қабылдамаған.
Шымкентте коронавирус жұқтыру дерегі едәуір төмендеп келе жатқанымен, әлі де болса арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, өткен тәулікте індет жұқтырған 25 науқастың ешбірі вакцина алмаған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бақытжан Позиловтың сөзінше, адамдардың екпе салдыруға деген салғырттығы індеттің өршуіне алып келуі мүмкін.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: Күні кеше ғана 25 адам коронавирус індетін жұқтырған. Алайда 25 адамның 25-де симптомды болып отыр. Жыл басынан бері 35 688 адам ковид індетін жұқтырып отыр. Өкінішке орай, 1187 науқас қайтыс болды. Олардың көбісі 60-69, 70-79 жас аралығындар».
Бақытжан Позилов алдыңғы жоспар бойынша 100 пайыз адам екпе алды деген сөзін жалғай кетті. Қазіргі таңда сол бастапқы санақ есебіне 60 000 адам қосылып отыр. Бұл әуелде екпеге қарсы көрсеткіші бар немесе кәмелетке толмағандар үлесі болып табылады.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Жыл басынан бері бізде вакцинациялауға жататын 536 000 адам деп жоспарлаған болатынбыз. Алайда қазіргі таңда 18-ге толғандар бар, емізулі аналар емізулі периодынан шыққандар бар, бұрында медициналық қарама-қарсы көрсеткіші бар азамттар қазір вакцина алуға болатын жағдайлар бар. Жалпы қосымша 60 000 адамды іріктеп алып отырмыз. Оларды да біз жақын күндері салып бітуіміз керек».
Сондай-ақ, қаланың бас дәрігері келер жылдан бастап екпе алу ақылы болады дегенді жоққа шығарды. Дәл қазір екпе пунктінен КазВак және Спутик Ви вакцинасын алу қолжетімді. Ал көпті мазалап жүрген Файзер вакцинасының қашан келетіні әзірге белгісіз болып тұр.
Әлихан Файзханов