Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуына және Түркістан облысының жандануына арнаған аптал азамат, мемлекет қайраткері Қосман Айтмұхаметовтің ескерткіш-бюсті ашылды.
Елдің ұлы ұлықталған іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қосман Қайыртайұлының анасы, бауырлары, әріптестері мен Мақтаарал ауданының тұрғындары қатысып, әсерлі естеліктер айтты. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған отаншыл тұлға былтыр 57 жасқа қараған шағында дүниеден озған болатын.
«Түркістан облысын дамыту жолында айрықша еңбек сіңірген ол мемлекеттік қызметтің қай саласында болмасын өзін іскер ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретінде көрсете білді. Біліктілігі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында әрбір істің көзін таба білетін бастамашыл қасиеттерімен бүгінгі қоғамның дамуына өзіндік еңбегін сіңірді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сенімді серігі, әріптесі ретінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, Түркістан қаласының өркендеуіне зор үлесін қосты»,- деді С.Қалқаманов.
Қосман Қайыртайұлы облыс орталығы Түркістан қаласын өркендетуге белсене атсалысты. Сондай-ақ Арыс қаласын қайта қалпына келтіру, Мақтаарал ауданында топан судан зардап шекккен елді мекендердің қайта бой түзеуі бағытында да нағыз қайраткерге тән еңбек етті. Төтенше жағдайды жою жөніндегі штабқа басшылық жасап, құрылыстың сапалы әрі уақтылы жүруіне үлес қосты.
Ауыр дертке қарамастан мақтааралдықтармен бірге болып, сын сағатта азаматтық, қайсарлық таныта білді. Апат салдарынан бұзылған, қираған үйлердің орнын тазарту, тұрғын үйлер салу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Мал-мүлік шығындарын есептеу кезінде де бақылауды босаңсытпады. Елді мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруға да өлшеусіз үлес қосты.
Су тасқынынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары қоныстанған Мырзакенттегі жаңа шағынауданда іскер басшының қолтаңбасы бар.
Осыны ескерген мақтааралдықтар мен Мақтаарал ауданы әкімдігі тарапынан Мырзакенттегі орталық көшеге Қосман Айтмұхаметовтің атын беру жөнінде республикалық ономастикалық комиссиясына ұсыныс жолданған. Нәтижесінде комиссия оң шешім қабылдап, арда азаматтың атына көше берілген болатын. Ал 15 қазанда аптал азаматтың айбарлы ескерткіш-бюсті дайындалып, шағынауданның ортасында орналасқан жаңа саябақтың төріне орнатылды.