Сарыағаш: Ақжарлықтар жолды жауып тастады

128

Сарыағаш ауданының тұрғындары ауыл ішіндегі жолды жауып тастады. Себебі, Ақжар ауылының халқы 2 жылдан бері жергілікті биліктен осыдан 8 жыл бұрын қондырған ұңғымадағы сүзгіні ауыстырып беруін сұрап келеді екен. Сәйкесінше, жарамдылық мерзімі 3 жылға лайықталған сүзгіден қазіргі таңда ақау шыққан.

Ақжар ауылының тұрғындары 2 жылдан бері таза ауыз суға жарымай келеді. Себебі, ұңғымадағы сүзгі 2013 жылы орнатылған. Ал мерзімі небәрі 3 жылға жарамды қондырғыдан қазіргі таңда ақау табылып, істен шыққан. Оны ауыстырған күннің өзінде тіршілік нәрін сатып аламыз, бірақ дәл қазір соған да зар боп отырмыз дейді тұрғындар.

Жергілікті билік, жарты жылдан бері жаңа сүзгіні қойып береміз деп ант-су ішіп келеді, алайда нәтиже жоқ. Олардың құрғақ уәдесіне тойдық деген тұрғындар ауыл ішінде қатынайтын жолды жауып тастады. Салдарынан әп-сәтте ұзын-сонар кептеліс пайда болды.

Ілгерібай Төребеков, Ақжар ауылының тұрғыны: «1-2 шал кіріп айтқанбыз, ауылдың әкіміне Ермекке осындай, осындай су деп едік. Көке деді, 6 млн. 758 мың ақша түсті деді. Содан фильтр аламыз, ары кетсе 1 айдың ішінде қойып береміз деген. Сонымен қазір 6 ай болды, 7 айға кетіп бара жатыр. Жоқ».

Қараша халық қазір Өзбекстаннан ағып келетін арықтағы суды ішуге мәжбүр. Ауылдан 3 шақырым жерде орналасқан гидрант маңынан төрт түлік малдың өлексесі мен түрлі қоқыс қалдықтарын табуға болады. Былтыр эколог мамандары осы суды 78 пайыз ішуге жарамсыз деп тапқан екен.

Абдуәлі Сұлтанов, Ақжар ауылының тұрғыны: «Біз ағын су ішіп жатырмыз. Оны көлігі бар адам өзі барып қайта әкеледі, ағын суды сатып аламыз. Ауылдан 2-3 шақырым жерде. Енді ол су бізге Өзбекстаннан кеп жатыр, енді ол су осы айдың 15-20-на жабылады, ағын су тоқтайды, содан кейін мына өздеріңіз көріп тұрған Келестің суын ішеміз».

Аудан әкімі ұңғымадағы сүзгіні ауыстыру үшін бірнеше рет сатып алу конкурсы өткізілгенін айтады. Алайда оған қатысқан компаниялар белгіленген сомадан анағұрлым аз қаражат ұсыныпты. Жергілікті билік мемлекеттік сатып алусыз бұл мәселені шеше алмаймыз дейді.

Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданынң әкімі: «Мердігер мекеме бүгінгі таңда келісім шартқа қол қойып отыр және де келесі аптаның жұма күніне дейін фильтрларды ауыстырып беруге барынша тырысамыз».

1 апта көлемінде ұңғымадағы сүзгіні ауыстыруға уәде берген аудан әкімі сөзінде тұрмаса, сол аралықта Өзбекстаннан келетін арықтағы су да тоқтайды. Салдарынан тұрғындар мына Келес өзенінің суын ішуге мәжбүр. Ал бұл тіршілік нәрі өздеріңіз көріп тұрғандай лайқа, айналасы қоқысқа толған.

Шенеуніктер сөзіне соңғы рет сендік деп жиналғандар жайбарақат тарқасты. Алайда жақын арада ұңғымаға жаңа сүзгіні орнатпайтын болса, тұрғындар ауыл ішіне кіретін жолды толықтай жауып тастаймыз деп бекініп отыр.

Әлихан Файзханов