Зағиптар қалай білім алуда?

187

Бүгінде зағип балалар мектеп оқулығынан бөлек әдеби шығармаларды оқуға ниетті. Дегенмен елімізде көру қабілеті төмен жандарға арналған оқулық дайындайтын баспахана жоқтың қасы. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова осы мәселені көтерді.

Бүгінде Шымкенттегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында 181 бала білім алады. Қазіргі таңда оқушылар Брайль қарпімен жазылған мектеп кітаптары мен арнайы аудиокітаптарды қолданады.

Аталған мектеп-интернатының қорында бүгінде 6800-ге жуық кітап бар. Оның 4900-ы оқулық, 1800 ден астамы — әдеби кітап. Оқушылар қосымша әдеби шығармаларды қаладағы арнайы кітапханадан іздеп, алып оқиды.

Айгүл Кизбаева, Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының кітапханашысы: «Ұсынысым көркем әдебиеттердің қазақ тілінде орыстың, шетел әдебиеттерін аударып басса, оларға нұр үстіне нұр болар еді, бедерлі нүктелі әдебиеттері арқылы және үлкейтілген шрифтпен арнайы өздерінің оқулығы бар, және бізде лупалар бар, үлкейтілген лупалар, сары аппараты бар, және машинкалары бар».

Аталған зағип жандар мектеп-интернатында бүгінде 181 оқушы білім алады. Оқушылардың жан-жақты білім алуына жағдай жасалған. Алайда олардың таным көкжиегін арттыратын, әдеби шығармалар легі аз. Дәл осы жайтты көтерген халық қалаулысы Мақпал Тәжмағамбетова, мәселенің шешімі талай рет кейінге шегерілгенін айтты.

Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Әр жолы сіздер зағиптардың мемлекеттік және заманауи тілдердегі әдебиеттерге толыққанды қол жеткізу үшін дербес мамандандырылған баспахана ашу қажеттігін айтып келдіңіздер. Алайда барлық кезде де шешім қабылдау кейінге ысырылып келеді. Үш жылдық бюджетте қаражат көзделмесе, енді бұл мәселені қашан шешесіздер?».

Қорды жаңарту үшін нүктелі-бедерлі кітаптар Ресейден мемлекеттік тапсырыспен сатып алынады. Мамандар мұндай әдебиетті шығаруға кез келген кітапхананың мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Өйткені шағын принтерлер көп тиражбен кітап басуға арналмаған.

Мәселен, 300 беттік кітап, Брайль әдісімен 1300 бетке басылып шығады. Ал, жарық көрген санаулы шығармалар оқырмандарға толық жете бермейді. Жауапты министрлік өкілдері бұл мәселені шешуге уақыт керек деп отыр.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары: «Бедерлі нүктелі шрифтті баспахананы ашу бойынша қазіргі таңда шет мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді. Оған арнайы осы саланың мамандары 22-24 жылдардағы бюджетті нақтылау кезінде ұсыныс береміз».

Айтулы мәселе өз шешімін тапқанға дейін зағип жандар қолда бар оқулықтармен білім алуын жалғастыра береді.

Диана Біржанова