М.Сапарбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті

175

Екі жылдан бері пандемияға байланысты тоқтап қалған турнир, өз жалғасын тапты. Шымкентте, 27-ші рет, грек –рим күресінен академик Мардан Сапарбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған турнир өтті.

Қажымұқан орталық стадионы жанындағы, жеңіл атлетика спорт кешенінде, грек-рим күресінен академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған ХХVII — ашық Республикалық турнир өтті.

Жарыста, еліміздегі облыс, қалалармен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан және Бразилия сынды шетел командалары бақ сынады. 267 спортшы қатысқан доданы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ашты.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мардан ағайдың Шымкенттің өркендеуіне, педагогикасының өркендеуіне, Шымкенттің спортының өркендеуіне қосқан үлесі әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Жарысқа қатысушылар бүгінгі біздің ХХVII-ші Мардан Сапарбаев ағамызды еске алуға грек-рим күресінің Республикалық ашық турнирі ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер».

Жарысқа еліміздің спорт шеберлері, сондай-ақ, ҚР спорт шеберлігіне үміткер спортшылар қатысты. Жеңімпаздар арасында Алматы және Шымкент қалаларынан қатысқан командалар көш бастап тұр. Бірінші орын алған спортшылар, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иеленді. 130 кг салмақ дәрежесінде бақ сынап, осы атаққа ие болған жеңімпаз жерлесіміз Әлімхан Сыздықов жарыстың өзі үшін тартысты өткендігін айтады.

Әлімхан Сыздықов, Қазақстан Республикасының спорт шебері: «Жарыс өте жоғы деңгейде өтті. Өзім 4 кездесу өткіздім, физикалық дайындық болмаса, психологиялық дайындықпен қиын болды. Өз-өзіме сенімді болдым, ешқандай күдік болмады».

Ұйымдастырушылардың сөзінше, биыл 27-ші рет өтіп жатқан турнир карантинге байланысты 2 жыл кері шегеріліпті.

Ермек Сатыпалдыұлы, Шымкент қаласы №15 жекпе-жек спорт мектебінің директоры: «Осы ісшараны алдыңғыдан салыстырсам, осы ақырғы 5 жыл ішінде ең жоғары дәрежеде өткелі тұр деп айта аламын. Өйкені келушілер көп, арадағы үзілістен сағынып қалған».

Аталған турнирді өткізудегі басты мақсат -ел спортын дамытып, жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыру. Ал жеңімпаздарға табысталған қаржылай сыйлықты, Мардан Сапарбаевтың ұлы Марат Сапарбаевтың өзі ұсынған көрінеді. Ұйымдастырушылар, бұл шараның алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Аида Қарсыбайқызы