Қазығұрттық шаруалар көмір таппай отыр

125

Қазығұрт ауданының шаруалары көмірдің тапшылығын көріп отыр. Олар бүгінде, жылыжайға қажетті қара отынның қорын қайдан аларын білмей сандалып жүр. Айтуларынша, бұлай жалғаса берсе мұның соңы нарықтағы көкөністің қымбаттауына әкеп соғып, қаншама адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ал жауаптылар болса, көмір жоқ дегенді теріске шығарады.

Тұрбат елдімекенінде он мыңнан аса тұрғын бар. Мұнда ауыл халқының жартысы дерлік жылыжаймен айналысады. Әр жыл сайын кәсібінен нәсіп тауып жатқан диқандар биыл қиыншылыққа тап болды. Өйткені, жылыжайдағы көмірдің қоры таусылып барады. Бұлай жалғаса берсе, пайда түгілі шаш етектен шығынға батамыз деп шаруалар шырылдап жүр.

Атабек Әмірсейітов, шаруа: «Егер мынау 10-15 күннің ішінде көмір болмайтын болса, жылыжайдың бәрі өледі. Біз 20 мың тонна өнім шығарамыз мысалы Қазақстанға. Ол жоқ болатын болса ішкі нарықта баға көтеріліп кетеді, 4 есе көтеріліп кетеді баға. Халық жұмыссыз қалады 3-4 мың адам Тұрбатта жылыжаймен  күн көріп жатыр. Диқандар бәрі банкротқа ұшырайды».

Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін нәпақасын осы жылыжайдан табады. Егер жақын арада көмір келмейтін болса, бүкіл ауылды қамтамасыз етіп отырған кәсіп өз жұмысын тоқтататын болады. Бірақ шаруалар қара отын мәселесі тек Тұрбатта ғана емес, жалпы Түркістан облысында өзекті болып отырғандығын айтады.

Құрбанқожа Тұрсынов, шаруа: «Тек қана бізде емес, бүкіл бәрі диқандар шығынмен отыр. Біреуінің ана жерде көшеттен қарызы бар, біреуінің көмірден қарызы бар, біреуінің агрономнан қарызы бар, біреуінің кредиті бар. Бәрі сол диқаншылыққа қарап отыр. Диқаншылығымды сатсам бәрін жабамын деп отыр. Қазір мына жерде 80-100 гектарға көшет дайын тұр. Қазірдің өзінде көмір проблема боп жатыр, диқандар ойлап жатыр, екіншісін қалай егемін деп. Жылы күннің өзінде көмір проблема боп жатыр, суық күнде қайдан табамыз деп. Шымкентке барсақ көмір жоқ дейді, вагон жоқ дейді, көмір сыртқа шығып жатыр дейді».

Жылыжайда өнімді шығару үшін бір маусымда гектарына орта есеппен 400-500 тонна көмір керек. Қатты суық күндері одан да көп мөлшерде отын жағылады екен. Сондықтан алда қыс мезгілі келе жатқандықтан, көмір таппай көңілі түскен көпшілік еңбектің бәрі еш кетеді деп қорқады.

Мысалы, мына тұрған қызанақтар 5 айлық еңбектің нәтижесі. Мұнда дәл қазір ауа температурасы +17-ні құрайды. Егер шаруалардың көмірі таусылатын болса, небәрі екі-ақ сағаттың ішінде сынап бағаны нөлден төмен температураны көрсетсе қызанақтар үсіп, жарамсыз болып қалады. Салдарынан мыңдаған тонна өнімнің күлі көкке ұшатын болады.

Ал ауылдың кіре-беріс жерінде көмірді халыққа беретін мынадай орын бар. Шаруалар жүк тиегіш көлігімен осында келіп, қара отынды сатып алады. Бірақ жан-жақтан келіп сатып алушылар бар болған соң, мұндағы көмір жетпейді дейді диқандар.

Әділғазы Мәуленқұлов, шаруа: «Көмір кеп жатқан соң, осы бітсе болды, кейін сататындар алып келеді ғой өздері. Жан-жақтан кеп жатыр ғой, осы жердің көмірі дұрыс арзан деп. Темірлан, Арыстан да келді ғой дим жан-жақтан кеп жатыр».

Шегінерге жол жоқ, артымызда бала-шаға деген шаруалар көмірді тіпті кез келген бағаға алуға дайын. Бірақ, оны қайдан аларын білмей дал. Алайда жауаптылар мұны жоққа шығарады. Олардың айтуынша, қара отынның қоры облыс аумағында аузы мұрнына сыймай тасып тұр.

Марат Байғұнысов, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жылумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «ҚТЖ-ның ақпаратына сәйкес, біздің облыс деңгейіне көмір кіру деңгейі 110 пайыз болған. Жалпы облыста биыл көмір тапшылығы болмайды».

Бір ғана Тұрбаттың өзінде 100 гектар аумаққа егілген жылыжай бар. Ондағы шаруалар жағуға көмір таппай отырғанда, облыста қара отынның мөлшері жеткілікті, тіпті 110 пайыз деген маман айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ал шынтуайтында шаруалар жақын арада көмір жеткізілмесе, нарықтағы көкөністердің бағасы күрт қымбаттап, талай шаруа жұмыссыз қалуы мүмкін екен.

Әлихан Файзханов