Сәкен Бибосынов — әлем чемпионы!
Сүйінші, Қазақ елі! Бокстан Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 51 келі салмақта жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов әлем чемпионы атанды.
Қазақстанның қыраны Сәкен Бибосынов финалда АҚШ өрені Роско Хиллмен қолғап түйістірді. Қарсыласы да осал емес еді. Дегенмен Түркістанның өрені үш раунд бойы жекпе-жек тізгінін қолға алып, өте әдемі жеңіске жетті. Төрешілер отандасымыздың жеңісін бірауыздан мойындап, әділ бағаларын берді. Осылайша, Мырзағали Айтжановтың шәкірті Қазақстан қоржынына екінші алтын жүлдені салды.
Жалпы Сәкенге Сербия төріндегі жеребе ауырлау түсті. Бірінші жекпе-жекте Олимпиада чемпионы, өзбекстандық Дусматовты жеңсе, одан кейін үндістандық Дипакты, ширек финалда колумбиялық Олимпиада жүлдегері Мартинесті жеңді. Жартылай финалда тайландтық жас талант Саенгфетті тізе бүктірді. Ал финалда АҚШ мықтысын жеңіп, 51 келіде теңдессіз екенін дәлелдеді. Қазақстан мен Түркістан бокс мектебінің деңгейі биік екенін күллі әлемге көрсете білген Сәкен мұқалмас жігері мен мінсіз техникасының арқасында ел сенімін ақтады.
Оған дейін 48 келіде Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы атанса, Махмуд Сабырхан күміс, ал Абылайхан Жүсіпов қола жүлдеге ие болды. Сәкеннен кейін рингке көтерілген Серік Теміржанов күміс медальді місе тұтты. Қазақ ұландарының жеңісі құтты болсын!