Шымкентте 240 адам ішімдіктен уланған

170

Шымкентте тіркеусіз және лицензиясыз алкогольдік өнімдер мен этил спиртін өндірген кәсіпкерлер анықталды. Жыл басынан бері, суррогат спиртін өндіру бойынша жасырын цех ұйымдастырған 12 адам қолға түскен. Алкоголь өнімдерінің заңсыз саудасы нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын сомасы 11 миллион теңгені құрап отыр.

Шымкент қаласының тұрғыны «Дос-Ай-7» ЖШС басшысынан алып отырған суррогат спирт өнімін көпшілікке сатып келгендігі белгілі болды. Жалға алған қоймада кәсіпкер лицензиясыз 40 түрлі алкоголь өнімін саудалаған екен. Қойманы тексеру барысында 60 мыңнан астам бөтелке тәркіленді. Азаматша заңсыз кәсіппен айналысқаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Жұпар Мамұтова, Шымкент қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі: «Зерттеу нәтижесінде, оның ішінде 56 мың бөтелке алкогольдік ішімдіктердің жалған тіркеу-бақылау таңбалары бар контрафактілік өнімдер екендігі анықталды. Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының қорытындысына сәйкес, азаматша Байболованың заңсыз әрекетінен мемлекетке 25 млн. теңге залал келтірілген. Нәтижесінде сот шешімімен азаматша Байболова кінәлі деп танылды».

Тергеу нәтижесінде, лицензиясы жоқ «Дос-Ай-7» ЖШС басшысы шарап және ішімдік өнімдерін қолдан жасап шығарғандығы белгілі болды. Ер адам заңсыз әрекетін арнайы цехта жүзеге асырып, жалған ішімдікті қала базарларында саудалап келген. Кәсіпкерден 19 мың бөтелкеден астам ішімдік түрі тәркіленді.

Жұпар Мамұтова, Шымкент қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі: «Е. Әлжановтың заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген залал 9 715 500 теңгені құрады. Сот үкімімен Е.Әлжанов қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен Е.Әлжановқа 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды».

Адам денсаулығына жалған алкогольді ішімдіктерді қолдану айтарлықтай зиянын тигізеді. Денсаулық сақтау статистикасы бойынша 2020 жылы жалған алкоголь өнімінен уланып қайтыс болғандар саны 200 болса, биыл олардың саны 240-қа жеткен.

Қылмыскерлер көбінесе алкогольді сусынның ішімдік, шарап сынды түрлерін қолдан жасаған. Бүгінгі таңда мемлекет кірісіне бас-аяғы 70 мың бөтелке спирттік өнім табысталған көрінеді.

Жұпар Мамұтова, Шымкент қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі: «Қазіргі таңда, 9 мыңға жуық бөтелке контрафактілік тауар, 75 литр алкоголь, 2 мыңнан астам бос бөтелкенің көзі жойылды. 2021 жылдың басынан бері этил спирті мен алкогольдік өнімдердің жалған айналымы нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түріндегі 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілген».

Айта кетейік, егер контрафактілік алкогольді өнімдерді өндіру бойынша жасырын цех ұйымдастыру дерегі белгілі болса, 77 14 48 сенім телефонына хабарласуға болады.

Аида Қарсыбайқызы