Шымкентте Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде қала басшысы 30 жыл бұрын Мемлекеттік Туымыз тұғырға қонып, елтаңба мен әнұран – мақтанышымыз болып бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ, аталмыш концертте түрлі салада топ жарып жүрген бірқатар қызметкерлерді Мұрат Әйтенов Алғыс хатпен марапаттады.
Түркістан сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған «Ел тірегі — Елбасы» атты мерекелік шара өтті. Мемлекеттік әнұранмен бастау алған салтанатты жиын Елбасы туралы түсірілген деректі фильмнің көрсетілімімен жалғасын тапты. Тәуелсіздік дәуірінде Қазақстанның толағай табыстарға қол жеткізгенін атап өткен қала әкімі Мұрат Әйтенов мерекенің мән-маңызына тоқталды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтардың 98,7 пайыздық қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті мандатын иеленді. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіз ел болу үміті қайта жанды. Шешуші сәтте ел тізгінін алған Нұрсұлтан Әбішұлы, осыдан 30 жыл бұрын кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді – табысқа айналдырды. Осылайша қазақ халқы мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялап, асқақ арманға қол жеткізді».
Бұдан бөлек, шаһар басшысы Шымкенттің республикалық дәрежедегі қалаға айналуын – Тұңғыш Президентіміздің жобасы екенін мақтанышпен айтатынын жеткізді. Ең бастысы, Елбасының ел тарихында алғаш рет заң жүзінде рәсімделген және әлем мойындаған мемлекеттік шекараны бекіткенін айтты. Сондай-ақ, әкім түрлі салада үздік еңбек атқарып жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мадина Сәдуақасова, Ерке Есмахан, Жұбаныш Жексенұлы, Жанболат пен Жазира өнер көрсетіп, маңызды мерекенің мәртебесін асқақтатты.
Сонымен бірге, көрермен назарына «Елбасы жолы» фильмінен, студенттік шағынан, Елорданың салынып жатқан кезінен және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерінен бейне үзінділер ұсынылды.
Әлихан Файзханов