Тұрғындар: «Сергектің талабы тым жоғары»

61

Шымкентте орнатылған жаңа сергек камералары қараша айының соңына дейін іске қосылады. Алайда жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейтін құрал мегаполис тұрғындарын әбден алаңдатып отыр. Тіпті олардың бірі полиция департаментінің басышына ұсыныс білдіріпті. Жалпы, қырағы камералардың ерекшелігі неде? Қалтамыздан қағылатын болдық деген жұрттың уайымы орынды ма?

«Сағатына 60 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүру мүмкін емес. Жаңа сергек камералары іске қосылса көздеген жерімізге жетуіміз қиындайын деп тұр», деген тұрғындардың біразы полиция департаментіне шағымданған көрінеді. Тым болмаса сағатына 70-80 шақырым жылдамтықтан аспай жүрейік деген ұсыныс білдіргендер де табылыпты. Алайда, Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы әлемдік статистиканы мысал етті.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Осы камераларды қою үшін 4 млрд. теңгедей  ақша бөлінді. Әрбір адамның өмірі 4 млрд. тұрмайды. Ол қымбат одан. 4 млрд- қа ешкімді тірілтіп алуға болмайды. Сондықтан сол өмірлерін сақтаған осы камералардың пайдасы».

Бізге адам өмірі маңызды деген департамент басшысы БАҚ өкілдері арқылы халықты тәртіп сақтауға шақырды. Сондай-ақ, қырағы камералар іске қосылса қалтамыздан қағыламыз деген тұрғындарға Қазақстандағы айыппұл мөлшері аз екенін еске салды.

«Мен басқа мемлекеттерде болдым. Олармен салыстырғанда біздегі айыппұл көлемі өте қымбат емес. Тәртіп бұзбаңыз. Сол кезде айыппұл болмайды, басты мәселе осы. Неге тәртіп бұзасыздар?», дейді қаланың бас полицейі.

Жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейтін құрылғылар қараша айының соңына дейін қосылады деп жоспарлануда. Бірақ қазірдің өзінде 70 пайызы пилоттық жоба ретінде жұмыс істеп тұр. Департамент басшысының айтуынша әзірге айыппұл жазыла қоймайды. Алайда толық заңдастырылғаннан кейін қала ішінде сағатына 60 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүру қажет. Ал көлік апаты жиі орын алатын 41 қауіпті аймақ мен жылдамдық көрсетілген жол белгісі бар орындарда жылдамдық тіптен 40 км-ден аспауы қажет.

«Шетелдік номерлерді де оқиды. Белбеу тақпағанды да бәрін оқиды. Бұрынғы камералар оқымайтын еді. Қазіргі камералар бәрін оқиды. Бұл камералардың бәрі экспертизадан өткен. Қоймай тұрып біз экспертизадан өткізіп алдық. Одан кейін бұрынғы камералар 60 метрден алатын болса бұл камералар 120 метрден алады», дейді бас полицей.

Айта кетейік, аталған камералардың жұмысына байланысты немесе жол белгілерінің орнатылмауына қатысты шағымдарыңыз болса Шымкент қалалық полиция департаменті тыңдауға дайын. Ұсыныс басқарманың әлеуметтік желі парақшалары арқылы қабылданады.

Мөлдір Ибадуллаева