Шымкент қаласының полиция департаменті жауап берді

473

Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғалы түрлі мемлекеттік мекемелер құрылып, олардың жұмысы бір жүйеге келтіріліп жатыр. Солардың ішінде Шымкент қаласының Полиция департаменті де бар. Департамент қызметкерлері «Оңтүстік Рабат» газетімен тығыз жұмыс істеп келеді. Соңғы кездері «Қылмыс пен жаза» айдарында жарық көрген мақалалар соның айғағы. Газет оқырмандарының департамент қызметкерлеріне жолдаған сауалдары жиналып қалды. Сол сұрақтарға Шымкент қалалық Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Әсел Кенжеғарақызы
жауап берді.

«Гипер Хаус» жанындағы көлік тығыны мезі етті. Не істеуге болады?

СҰРАҚ: Т. Рысқұлов және Х. Дулати көшелерінің қиылысындағы «Гипер Хаус» сауда орталығының жанында қашан қарасаң кептеліс. Автокөліктердің жылжығанын күтіп тұрумен-ақ уақыттың бәрі текке кетеді. Кептеліс болған соң, түрлі құқықбұзушылықтар да орын алып жатады. Мұны реттеудің жолы бар ма? Кептеліс мезі етті. Не істеуге болады?

Ерлан, қала тұрғыны

ЖАУАП: Сұрағыңыз өте орынды. Сіз айтқан орында, шынымен де, көлік кептеліс жиі болады. Оның бірден бір себебі – автокөлік санының артуында. Шымкент мегаполис атанды. Халық саны жыл сайын өсіп келеді. Қалада 2018 жылы 204 061 автокөлік тіркелген. Қазір солардың саны 215 470-ке жетті. Өткен жылдан бері тағы 11409 автокөлік қосылды. Автомобильдердің бұл өсуі, әсіресе, қарбалас сәтте кептелістің пайда болуына ықпал етіп жатыр. Қала көшелерінде кептеліс орын алған жағдайда Шымкент қаласының Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері кептеліс орын алған жерге тез арада экипажды жібереді. Онда Жол патрульдік полиция полкінің қызметкерлері кептеліс жойылғанша сол жерде жұмыс атқарады. Бұл – міндетті орындалуы тиіс әрекеттер. Сондай кептелістерде тұрып жүйкесі тозғандар, кейде ерікті-еріксіз жол ережесін бұзатыны анық. Тұрғындар тарапынан құқықбұзушылық анықталған жағдайда сондағы полиция қызметкерлері заңмен белгіленген шараларды қолданады. Жыл басынан бері сіз атаған учаскеде полицейлер көптеген кемшіліктерді анықтап, әкімшілік хаттамалар толтырған.
Атап айтқанда:
– Көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 597-бабы 1-бөлігі) 21 азамат бұзған;
– Қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау (ӘҚБтК 593-бабы 2-бөлігі) – 13;
– Жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамау (ӘҚБтК 601-бабы 1-бөлігі) – 18;
– Егер бұл жол жүрісі қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу (ӘҚБтК 596-бабы 3) – 1.

Кептеліс болған кезде жоғарыда айтылған қызметкерлер орнында болмаса, бізге хабарласуға болады.

«Сергек» камераларына түспеудің амалдары бар ма?

СҰРАҚ: Жыл өткен сайын жол бойына түрлі бейнебақылау камераларын орнатып жатыр. Көлік жүргізушісінің әрбір мүлт кеткен сәтін «қалт жібермей» түсіріп, бәрін айыппұлға айналдырып, қалтаны қаға берсе, тиынсыз қалмаймыз ба? Енді, міне, естіп жатырмыз жақында тағы «Сергек» деген камералар орнатылады екен. Бұл не үшін керек? Ол қай жерлерге орнатылады және нақты нені түсіріп алады? Айыппұл саны қанша болады?

Бауыржан, қала тұрғыны

ЖАУАП: «Сергек» бейнебақылау камералары Қазақстанда жүргізушілердің жылдамдығы мен нөмірлерін анықтайды. Осылайша, бұған дейін жол-патруль полицейлерінен ат тонын ала қашатын көлік жүргізушілері, бұдан кейін «Сергекті» көргенде сергек болады деген ойдамыз. Нақты саны қанша болады, қай жерлерге орнатылады, айыппұл қанша болады оны нақты айта алмаймыз. Жуырда Астанадан арнайы маман келіп, брифинг өткізеді. Сол кезде толық ақпаратты БАҚ арқылы жариялаймыз. Айта кетейін, «Сергектің» көздегені сізді тонау емес, тәртіп барын еске салу. Айыппұлдан құтылудың ең сенімді жолы – «Сергек» камераларына түспеудің амалдарын іздеу емес, жол ережесін бұзбау.

«Сергек» камерасы жазған айыппұлды Астанадан төлеу керек па?

СҰРАҚ: Айналамыздағы жора-жолдастардан «Сергек» камерасына Шымкентте түскен жүргізушілердің айыппұл қағазы Астанаға жолданады, сол жақта төлеу керек екен» деген нәрселерді естіп жатырмыз. Бұл сөз қаншалықты рас?

Ильдар, қала тұрғыны

ЖАУАП: Қазіргі таңда «Сергек» бейнебақылау камералары қаламыздың 6 нүктесіне орнатылған. Сол да болса тесттік режимде жұмыс істеуде. Ол әлі ешқандай құқық бұзушылықты анықтамайды. Хаттама толтырылмайды. Алайда ол Полиция департаментінің балансына өтпеген. Сондықтан бұл сөз шындыққа жанаспайды.

«Бір-бірімен жарысатын автобус жүргізушілерін жазалау керек»

СҰРАҚ: Қаламыздағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысын реттеуге бола ма? Автобусқа отырған кезде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Зуылдатып айдайды, адам емес, отын тасып жатқан сияқты. Аяғы ауыр әйелдер, қарт адамдарға обал. Себебін сұрасаң, «Уақыттан кеш қалып жатырмыз» дейді. Бір-бірімен жарысады. Автобустардың жарысына тосқауыл қоюға бола ма?

Аягүл, қала тұрғыны

ЖАУАП: Осы мәселе бойынша бізге хабарласатындар көп. Бұл сұрақпен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы да жұмыс істеп жатыр. Олардың өз тәртіптері бар. Ал біздің департамент «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Іс-шараның мақсаты – жол қозғалысы ережелеріндегі құқықбұзушылықтарды алдын алуға, автобустарды пайдалануға және жолаушыларды тасымалдауға байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция қызметкерлері күн сайын рейдке шығып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Егер, сіз қоғамдық көліктің жол қозғалыс ережелерін бұзғанын көрсеңіз, бізге хабарласып, сол көліктің нөмірін айтсаңыз жеткілікті.

«Жаяу жүргіншілер жолынан өтерде қорқамыз»

СҰРАҚ: 2-сыныпта оқитын баламды күн сайын мектепке алып барып, алып қайтамын. Мектептің алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолмен өтеміз. Бірақ автокөлік жүргізушілері, кейде, дәл мұрнымыздың астынан жүйткіп өтіп кетеді. Жылдамдығын азайтпайды. Тоқтамайды. Кейбір оқушылар үлкендерсіз жүгіріп өтіп жатады. Осы мәселені шешудің жолы бар ма?

Динара, қала тұрғыны

ЖАУАП: Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қаламыз миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Оның ішінде басым көпшілігі – жастар. Алыс жерлерден оқитын оқушылар да жоқ емес. Сондықтан қаладағы барлық мектептердің жанындағы жаяу жүргіншілер жолағында кемінде бір полиция қызметкері қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Олар оқушылардың оқу кестесіне сәйкес жұмыс атқаруда. Сондай-ақ мектептерде учаскелік полицейлер күшейтілген режимге көшкен. Егер, сіздің балаңыздың мектебінің жанындағы жаяу жүргіншілер жолағында полиция жоқ болса, міндетті түрде бізге хабарласыңыз.
Шымкент қалалық Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Әсел Кенжеғарақызы қала тұрғындарына кез келген құқықбұзушылық орын алған жағдайда полиция қызметінің 102 сымтетігіне және одан бөлек Сенім телефонына хабарласуға кеңес береді.

Әсел Кенжеғарақызы, Шымкент қалалық Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы:


– Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Полиция департаментінде халықпен өзара қарым-қатынасты нығайту үшін Сенім телефондары жұмыс істеуде.
Қаланың кез келген тұрғыны Шымкент қаласының ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефонына 8 /7252/ 21-43-23 немесе ІІМ-нің бірыңғай сенім «1402» телефонына хабарласып, ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан орын алған сыбайлас жемқорлық, лауазымдық өкілеттіктерін теріс және асыра пайдалану, бопсалау, сондай-ақ өзге де заңсыз іс-әрекеттердің жайттары туралы хабарлай алады.

Сенім телефонына түскен азаматтардың барлық өтініштеріне тиісті шаралар қолданылады және бірде-бір қоңырау назардан тыс қалмайды. Одан бөлек департамент бастығының әр аптаның бір күнінде азаматтарды қабылдайды, қабылдауға жазылу үшін құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің 97-66-39 нөміріне хабарласу қажет.

Дайындаған: Әлия ӘДІЛБЕК

 

«Оңтүстік Рабат» газеті, 4, 23 қаңтар 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті