Астанада айыппұлдар көлік иелерінің нақты тұратын жеріне жіберіледі

369

Құқықбұзушылықтар бойынша мәліметтер базасы Астанадағы «Сергек» жүйесімен біріктірілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.

«Өткен жылдан бері «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Тәртіп бұзушылықтар тәулік бойы анықталады, алайда көп адам айыппұлы бар екенін біле бермейді. Бас прокуратура ішкі істер органдарын цифрландыру бойынша мақсат қойды. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламаға енген «Әкімшілік өндірісінің бірыңғай реестрі» жасалды.

Осының өзінде Астана, Алматы, Тараз және тағы бірқатар қалаларда полицейлер хаттамаларды планшет арқылы толтырады», – деп атап өтті О. Лоскутова. Оның айтуынша, ақпарат автоматты түрде орталықтандырылған мәліметтер қорына түседі. Қазіргі таңда 937 экипаж планшетпен жұмыс істейді және осы күнге дейін 60 мыңнан астам хаттама толтырылды.

«Жол-көлік ережелерін бұзу әрекеттері фото және бейнебақылау жүйелерімен де біріктірілуде. Ондай жүйелер барлық өңірлерде орнатылған. Алайда бірегей база жоқ. Айыппұл туралы хабарлама көлік иесіне тіркелу барысында көрсетілген мекенжайға жіберіледі. Өкінішке қарай, адамның тұрғылықты жері қате көрсетілген жайттар жетерлік. Соның салдарынан айыппұл туралы ескерту қағаздары көлік иелеріне уақытылы жетпейді. Олар айыппұлдың бар екенінен бейхабар болып шығады.

Нәтижесінде, айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен өтеу құқығынан айырылады. Оның үстіне, қазіргі заң бойынша айыппұл туралы ескерту тек қағаз түрінде жасалады. Сол себепті оны жетілдіру жолдары қарастырылуда. Бұл мәселенің түйткілін табу мақсатымен Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті өз базасын «Сергек» (Астанадағы) бейнебақылау жүйесімен біріктірді. Енді айыппұлдар пошта арқылы көлік иелерінің қазіргі тұратын жеріне жіберіледі», – деді Оксана Лоскутова.

Сонымен бірге, нұсқаманы СМС-хабарлама немесе электронды поштаға жеткізу үшін Әкімшілік кодекске өзгеріс енгізу көзделді. Онымен қоса, жол ережесін бұзуға қатысты ақпаратпен qamqor.gov.kz интернет қорындағы «Айыппұлдар туралы мәлімет» бөлімінен танысуға болады. Бұл ақпаратты хабарлама ретінде назарға алып, қағаз түріндегі нұсқамасын күтпей, айыппұлды тиісті жеңілдікпен өтеуге болады.