Түркістан: Балабақша қызметкерлері жылға жуық жалақы алмаған

32

Түркістан облысына қарасты Созақ ауданындағы балабақша қызметкерлері 1 жылдан бері жалақыларын толық алмаған. Өздерінің еңбек ақыларын сұраған қызметкерлерге басшылық жұмыстан шығаратынын айтып сес көрсетеді екен. Тіпті аталған мәселемен аудан әкімдігі де таныс болып шықты.

Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылында «Ертөстік» балабақшасының қызметкерлері 1 жылға жуық уақыт бойы айлықтарын ала алмай келеді екен. Олар осы уақытқа дейін жалақысының тек 75 пайызын алып келген. Ал, еңбек демалысының ақысы туралы тіпті сөз де қозғалмаған. Қазір соның салдарынан қарызға да белшемізден баттық дейді. Еңбекақыларын талап еткен тәрбиешілерді балабақша басшылық жұмыстан қуамын деп қорқытқан көрінеді.

Ақмарал Мырзашева, «Ертөстік»балабақшасының тәрбиешісі: «Бізге бухгалтеріміз есептік қағаз шығарып береді. Міне, осы қай жақа барсаңыздар да, ол жаққа барыңыздар деді. Мысалы, мен өзім үш күн ауырып демалып қалдым, үш күнге 18 мың теңге ұстап қалды».

Гүлданыс Тұрғынбаева, «Ертөстік»балабақшасының тәрбиешісі: «Біз әкімішілікке де барғанбыз. Талап еткенбіз. Олар да дұрыс жауап бермеді бізге. Акиматқа барғанбыз алдына, ол кісілерде дұрыс жауап бермеді бізге».
– Кімге бардыңыздар?
-Айдарбеков Бағдат ағайға бардық. Мақұл, дұрыстап береміз деді. Білмеймін, бір жыл болды жоқ. Қаңтардан бері қарай ала алмай отырмыз».

Балабақша меңгерушісі жан басына қаржыландыру жөніндегі бұйрық шеңберінде жұмыс істеп жатқандығын айтып ақталды. Сөзінше, қызметкерлердің жалақысының дұрыс берілмей жатқандығы осыған байланысты. Ал бұл мәселені шешу үшін тиісті орындарға хат жолдаған көрінеді.

Гүлмира Сағындықова, «Ертөстік» балабақшасының меңгерушісі: «Қазіргі таңда соған жұмыс істеп жатырмыз. – Не істеп жатсыздар? – Облысқа жазып, экономистер жұмыс жасап, сол істеп жатырмыз. Жылдың соңына дейін мүмкін жететін қаржы болып қалар деген үміттеміз».

Аталған мәселені бас көтеріп, ашық айтқандарға қысым көрсетіліп жатыр дейді жиналғандар. Тіпті тәрбиешілердің бірі, үйіндегілерге жоғары жақтан қоңырау түскендігін айтады.

Тәрбиешілер мұңын шағып аудан әкімінің орынбасарына дейін барған. Алайда, байқағанымыздай еш нәтиже жоқ.

Істің мән-жайын білу үшін Созақ аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне барғанда, басшысы жауап беруден бас тартып, бұл салаға мүлде қатысы жоқ басқа маманға жол сілтеді.

Мамырхан Әбдиев, Созақ аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы: «Таак, «Ертөстік» балабақшасында 280 балалық балабақша. – Маке қаржысын айтып жіберіңіз. Қолыңызда жазылып тұр. Мұның қайсысы? Көріп берсеңші мен айта алмай тұрмын. – Жалпы ол «Ертөстік» балабақшасына бөлінген қаржы жыл басынан жергілікті бюджет арқылы 93 млн, республикалық бюджеттен 14 млн 110 млн жуық қаржы бөлінген».

Жыл соңында аталған мәселе бойынша қаржы бөлінбейді екен. Дегенмен, Адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы арнайы тексеріс жүргізілетінін айтты. Айта кетейік, мектепке дейінгі білім беру мекемесін қаржыландыру мәселесі бұған дейін де қозғалған. Алайда, әлі күнге дейін шешімін таппай отыр.

Гүлдана Дәурен