Биыл ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енгеніне 28 жыл толды. Экономикалық тәуелсіздігіміздің нышаны болған теңгенің тарихы тереңде жатыр. Әр кезең сайын жаңарып, өзгеріп, дизайны түрленді. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті.

Ұлттық валюта күні қарсаңында ҚР Ұлттық банкінің Шымкент филиалында ашық есік күні өтті. Шара барысында тәжірибелі мамандар болашақ қаржыгерлерге ұлттық валютамыз- теңгенің тарихы жайлы баяндап берді.

Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасы­ның ұлттық ва­­лю­­та­сын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн­ өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-сат­тық жасау құралы ретінде төл теңге қол­да­нысқа енген.

Сымбат Сатыбалдиева, ҚР ҰБ Шымкент филиалының аға сарапшысы: «Ең алғашқы ұлттық валютамыз 1993 жылы Англия фабрикасында басылып шығарылды. Тимур Сүлейменов, Меңдiбай Әлi, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов пен Хайролла Ғабжәлел ұлттық валюта дизайнын ойлап шығарды. Дизайнын Қазақстанның ірі саяси тұлғалары зерттеліп, солардың арасынан  лайықтылары таңдалды. Ең алдымен 1.3,5,10.20,50,100 теңге 1 теңгеде-Әл-Фарабиді, 3 теңгеде-Сүйінбайдың, 5 теңгеде-Жамбылды 10 теңгеде -Шоқанның бейесі,  20 теңгеде- Абайдың, Абылайхан мен Абылхайырдың бейнелері болды».

Біздің теңге дизайны жағынан ТМД-дағы ең көрікті ақша болып та танылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңге өз елімізде шығатын болды. Бұл 1995 жылдың мамыр айы еді. Тұңғыш банкнот фабрикасын Елбасы Нұр­сұл­тан­ Назарбаевтың өзі ашты.

Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілі­гінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы бо­лып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішін­де түрлі қаржы дағдарысына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапы­нан инвестициялық сенімге де ие болды.
Ғалия Балтаева, ҚР ҰБ Шымкент филиалының аға сарапшысы: «Ұлттық валютамыздың атауына қатысты пікір талас болды. Ақша, алтын, сом, сум, теңге атаулардың арасынан теңге таңдалды. Теңге-тюрк қола шақасының атауы. Ұлттық валюта-теңгеміз мемлекеттің ең маңызды нышаны болып есептеледі. 15-қараша Ұлттық валюта -теңгеміз айналымға енгізілген күні-Қазақстандағы қаржы жүйесі қызметкерлерінің мерекесі. Мүмкіндікті пайдаланып әріптестерімді осы атаулы датамен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, табыс тілеймін».

Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады. Республикада ақша айналысындағы монетамен қатар мерейтойлық және ескерткіш монеталар да қолданылады. Айтулы монеталар белгіленген құнға сәйкес төлем қабілетіне ие.

Шынар Оразова