Ұлттық валюта – теңгеге – 30 жыл

122

Бүгін – Қазақстанның ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толды. Бүгінгі таңда 18 қорғаныс дәрежесі бар қазақстандық теңге әлемдегі ерекше қорғалған валюталардың қатарына кіреді. Атаулы датаға орай Шымкентте қаржы саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Жұмат Шанын атындағы қазақ драма театрында жиналғандар қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлері. Мерекеге негіз болған Қазақстан ұлттық валютасы – Теңгеміздің 30 жылдық мерейтойы. Ұлттық банктің Шымкент қалалық филиалы жергілікті әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырған салтанатты жиында Төл теңгеміздің тарихы, мемлекетіміздің егемендігін айғақтайтын маңыздылығы атап өтті.

Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Осы 30 жылда Сіздер сияқты қаржы саласының бетке ұстар азаматтары елеулі еңбек етіп, экономикамыз қарқынды дамып, қомақты инвестициялар тартылуда. Сол себепті, бүгінгі іс шараның маңыздылығы ерекше зор. Баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын. Қызметтеріңізге толағай табыс, зор денсаулық тілеймін. Еңбектеріңіз елеулі болып, теңгелеріңіз көп болсын».

Мерекелік жиында Исмаилбек Шалабаев алғашқылардың қатарында марапатталды. Ұлттық валютамыз – бір теңгелік банкнотта Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте – Сүйінбай, бес теңгелікте – Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте – Абай, елу теңгелікте – Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесін көрген қаржы саласының ардагері қандай сезімде болғанын жеткізді.

Исмаилбек Шалабаев, қаржы саласының ардагері: «Қазақтың біртуар азаматтары, қазақтың атын шығарған данышпандарды көрген кезде, барлығымыз мақтанышпен қуандық. Қазір бізде рәміз бар ғой, ту, гербіміз, ән ұранымыз. Төртіншісі – теңге деп ойлаймын. Өйткені, мемлекет теңгесіз ол мемлекет емес. Ол мемлекетіміздің бірде бір рәмізі, оның тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытаныны- ол- теңгесі. Сол тумен бірге, ән ұранмен бірге, гербпен бірге. Сондықтан Теңгені құрметтейік азаматтар. Біздің теңгеміз әлемдегі қуатты валютаның бірі болсын! Бай-қуатты болайық! Дендеріңізге саулық тілеймін».

1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды.

Ануар Ботанбеков, Ұлттық Банктің Шымкент қалалық филиалының директоры: «1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз айналысқа енгізіліп, содан бері тарихы басталады. Бүгінгі таңда 30 жыл болып жатыр. Теңге Тәуелсіздіктің символы. Өзіміздің жеке саяси, қаржылық саясатымыздың, ақша саясатымызды жүргізуге үлкен мүмкіндік берді. Қаржы саласының қызметкерлерінің қарсаңында барлық қаржы саласы қызметкерлерін Қазақстандағы осы теңгеміздің төл мерекесімен құттықтап, жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілегім келеді. Экономикамыз дамып, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін».

Қазақстанның Ұлттық валютасы -Теңгенің -30 жылдығына орай Ұлттық банктің Шымкент қаласындағы филиалы балалар арасында байқау жариялаған болатын. Мерекеде үздіктерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды