Ұлттық валюта әлемдік байқауларда жоғары баға алған

45

 

Қазақстанның монеталары мен банкноталары халықаралық нумизматикалық конкурстарда әрдайым жоғары баға алады. Мұндай байқауларға бай тарихы бар, нумизматика мен монета соғу саласында жоғары мәртебеге ие монета сарайларының өкілдері қатысады.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемдегі ең үздік валюта деп танылған.

Теңгенің түрлі купюрасы үздік дизайн мен жоғары сапасы үшін түрлі марапатқа ие болды. Мысалы, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған 10 000 теңгелік купюра 2011 жылдың ең үздік жаңа банкнотасы атанды. 5 000 теңгелік купюра 2012 жылдың ең үздік жаңа банкнотасы деп танылды. Ал, түркі жазуына арналған 1 000 теңгелік купюра 2013 жылы үздік дизайны үшін марапатқа ие болды. Сонымен қатар, номиналы 20 000 теңге болатын банкнота 2015 жылдың үздік өңірлік банкнотасы деп танылған.

Қазақстан Теңге сарайы 1992 жылы құрылды. Онда түрлі материалдардан, соның ішінде түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталары шығарылады. Сондай-ақ өзге елдердің мемлекеттік наградалары мен медальдарын тапсырыспен әзірлейді. Қазақстан монета сарайы Англияның Корольдік монета сарайы сияқты танымал монета сарайларын біріктіретін Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі.