«2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында 9 млн. адам ревакцинациялануы керек»

190

ҚР Премьер министрі Асқар Маминнің төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде елдегі эпиджағдай, құрылыс саласын дамыту мәселесі және үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылғы жоспарының орындалуы мен 2022 жылға арналған жоспарының жобасы талқыланды.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 млн. қазақстандықты ревакцинациялау қажет. Әлемде ковидпен сырқаттану көрсеткіші өсіп жатқанын ескерткен Асқар Мамин ревакцинация қарқынын күшейту керек екенін жеткізді. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі эпиджағдай туралы баянады.

Жандос Бүркітбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:
«Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдық 32% төмендеді. Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын орта есеппен оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 500 жуық және теріс ПТР тестімен 50 жуық жағдайы тіркеледі».

Үкімет отырысында құрылыс саласын дамыту мәселесі де талқыланды. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 103 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 977 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, мемлекеттік инвестицияның 1 теңгесіне 7 теңге жеке инвестиция тартылады күтілуде.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
«Биыл біз 17 млн. шаршы метр немесе 163 мың баспана салуымыз керек. 26 желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша 16 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 12 өңірде артқан. Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс».

Жиында сөз сөйлеген Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов биылғы жылы тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 1 млн. м2 құрайтынын хабарлады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға жоғары екен. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 136,5 млрд. теңге жоспарланған.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Биыл Шымкентте 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 55 пайызға артты. Бүгінге дейін нақты 922 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалғандары бойынша тиісті құжаттар рәсімделуде, жыл қорытындысымен жоспар толығымен орындалады. Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 136,5 млрд. теңгеге жетеді».

Үкімет басшысы Асқар Мамин орынбасарларына жергілікті билік өкілдері мен министрлердің жұмысын қатаң бақылауды тапсырды.

                                                                                       Мөлдір Ибадуллаева