2025 жылға дейін елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндіретін 30 кәсіпорын салынады.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов денсаулық сақтау саласын қорытындылаған жиында айтты. Осылайша, алдағы 4 жылда отандық дәрі дәрмек өндірісінің үлесін 17-ден 50 пайызға жеткізу көзделген. Бұл мақсатта үкімет фармацевтикалық кәсіпкерлікті дамытуға арналған кешенді жоспар әзірледі.
Бастапқыда әлемдік тәжірибе зерделеніп, өндіріс ошақтары халықаралық стандартқа сай болуы қажет. Осы саланы ілгерілету мақсатында “Қазбиофарм” ұлттық холдингі құрылды. Ол ғылымды ғана емес, фармацевтикалық кәсіпкерлікті дамытуды қолға алмақ. Пандемия отандық дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың қаншылықты қажет екенін көрсетті. Жалпы, екі жылда атқарылған жұмыстар аз емес.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «2020 жылы басталған пандемия, әлем экономикасы үшін оның ішінде денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған шаралар денсаулық сақтау саласының мүмкіндігін арттырды. Материалдық техникалық база жетілдірілді. Барлық өңірде жалпы саны 4000 нан аса төсек орын, 16 жаңа инфекциялық аурухана салынды».
Шынар Оразова