«Қайтарымсыз грант аламыз деп, алданып қалдық»

200

Қайтарымсыз қаржының қайырымы бар ма? Бүгін Шымкентте мемлекеттен қайтарымсыз грант аламыз деп, алданып қалған бір топ азаматшалар жиналды. Айтуларынша, танысы жеңіл ақшаға қарық қыламын деп уәде беріп, сан соқтырған. Базынасын айтып, құқық қорғау органдарына барса, олар да қыңқ етпейтін көрінеді. Оңай олжаға кенелемін опық жегендермен тілдескен едік.

Бүгін Шымкентте алаяққа алданып, сан соғып қалған жиырма шақты азаматша шағым айтты. Олар мемлекеттен қайтарымсыз грант алып беремін деген танысының сөзіне сеніп, қолындағы бар қаржысын ұсынғаны аздай, тіпті бірнеше миллион несие алып берген. Осылайша, оңай олжаға кенелемін деп оңбай опық жедік деп отыр.

Аида Айнұрова, жәбірленуші: «Әлімқұлова Айнұрға 4 700 000 беріп алданып отырмын. Маған былтыр 90 мың бергенде, 583 мың шығарып берген еді. Сол себептен алданып отырмыз. Айнұр деген жұмыспен қамту орталығында істейді.  Сөйтіп 90 күннің ішінде шығарып беремін деген соң мен сеніп қалдым. Ең аз бергеніміз 90 мың, ең көп бергеніміз 12 миллион».

Ақшаңды еселеп беремін деген танысы бар ақшаны жұмыспен қамту орталығының есепшісіне бердім деп айтқан екен. Ал өзі қазір декреттік демалыс алып, ізім-ғайым жоқ болған. Жиналғандар аудандық полиция бөліміне арыз-шағымымызды жазғанымызға біршама уақыт болды деп отыр.

Азаматтардың шағымы қаралмаған соң жәбірленушілер заңгердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары 3 күннің ішінде жазылған арызға жауап қатып, түсініктеме алуы тиіс. Ал полицейлердің бұл істі қолға алуға асықпағанына қарағанда, мұнда бір шикілік бар сияқты дейді.

Гүлизат Сейдазова, заңгер: «Тергеушілердің тіпті келген уақытында 3 күн арыз қабылдамаған сәттері де болған. Бізге өтінім берген жәбірленушілердің арасында қатарынан 3 күн келген. Бірінші күні мен сырттамын, қабылдай алмаймын деген. Екінші күні мына уақытта келіңіздер деген. Ол уақытта да қабылдамаған. Үшінші күні нақты жіберген қаражатыңыздың скринын алып кел деген, бірақ заң бойынша ең алдымен арыз қабылданып алады, беттестіру, түсініктеменің барысында керекті дәлелдерді қабылдап ала беруге болады».

Жұрт шулаған соң, тергеу бөлімінің бастығы жәбірленушілерді басуға тырысты. Айтуынша қылмыстық іс қозғалып жатыр екен.

Серік Асарқұлов, Қаратау АПБ тергеу бөлімінің бастығы: «Қазіргі таңда Қаратау ауданында қылмыстық іс қозғалған, алаяқтық бабы бойынша. Бірнеше жәбірленушілер деп танылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары толық көлемде жүргізіліп жатыр».

Жәбірленушілер ақша алды деген Айнұр Әлімқұлова және оның есепшесі туралы білмекке жұмыспен қамту орталығына бардық. Қызық болғанда олардың айтулы мекемеде ешқашан қызмет етпегені белгілі болды.

Шағдат Әсет, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Қаратау АПБ Әлімқұлова Айнұр деген азаматша ақша алды деп, әйелдер жинап жатыр екен. Бірақ біздің жұмыспен қамту орталығында Әлімқұлова Айнұр деген азаматша жұмыс істемеген де, ондай азаматша болмаған мүлде. Біздің есеп бөлімінде Наргиза деген істемеген де, қазіргі таңда жұмыс жасамайды».

Шымкентте бейресми мәлімет бойынша, осылай алаяқтың арбауына түскен 300-дей азамат бар екен. Жәбірленушілер енді кінәліні анықтап, құрықтап тезірек қаржымызды қайтарсақ екен дейді. Әйтпесе, жеңіл ақшаға қарық боламыз алданғандар, жылдар бойы несиесін төлеп әлек болмақ.

Әлихан Файзханов