Ұлы тұлға есімі ұлықталды

121

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тұңғыш театр режиссері Жұмат Шаниннің құрметіне ескерткіш ашылды. Театрға қоғам қайраткерінің есімі берілгеннен кейін араға 50 жыл салып, ғимарат алдына режиссердің бейнесі орнатылып отыр. Тұғырымен қосқанда 5 метрді құрайтын ескерткіштің ашылуына қала әкімі арнайы қатысты.

Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында ұлы тұлғаның ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Жұмат Шанин – Қазақтан шыққан тұңғыш театр режиисері, ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі. 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрына режиссердің есімі берілген. Араға 50 жыл салып театр алдына режиссердің еңселі ескерткішінің ашылуы – қоғам қайраткеріне деген құрметіміз дейді қала әкімі

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
«Қаламызда қазақтың тұңғыш режиссері,халық әртісі, драматург, көрнекті қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің еңселі ескерткіші бой көтерді. Қадірлі қонақтарымызға қош келдіңіздер дей отырып, баршаңызды мәдени кеңістігіміздегі осында айшықты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін ашылғалы отырған ескерткіш тұғырлы болсын,қаламызда мәдени шаралар легі үзілмесін».

Биіктігі 5 метрді құрайтын ескерткішті жасап шыққан белгілі график суретші, ҚР мәдениет қайраткері Әбдуахат Мұратбаев. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан іс-шараға режиссердің немересі Райхан Шанина келді.

Райхан Шанина, Жұмат Шаниннің немересі, актриса:
«Бүгінгі күн өте қуанышты. Көптен күткен күніміз шынын айтқанда.Әкімшілікке үлкен, дұғай-дұғай рақметімізді айтамыз отбасымыздан. Осындай боздақтарымызды еске алып, осындай керемет ескерткіш қойғанына.  Аталарымыздың арманы, өзімнің арманым, бүкіл семьямыздың арманы».

«Қуанышымда шек жоқ» деген Райхан Шанина ұлы тұлғаға арналған ескерткіштер басқа қалаларда да ашылса деген арманын жасырмады. Айта кетейік, Жұмат Шанин – қазақ өнерінің жауһарына айналған «Қыз Жібек» операсын алғаш сахналаған тарихи тұлға. Биыл туғанына 129 жыл толған талантты режиссер драматургия саласына, елімізде театрдың шығармашылық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосқан.

                                                                                                Гүлдана Дәурен