Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Ол өз арызында сауда орталығындағы дүкенінің терезесін белгісіз біреу сындырып заңсыз кіріп, кассада болған 31 500 теңге ақшасы мен 100 АҚШ долларын жасырын түрде ұрлап кеткені туралы көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алынды.
Жетісай АПБ-нің қызметкерлері ұрлық қылмысы туралы ақпарат алысымен тез арада қылмысты ашуға кірісті. Жедел-криминалистика тобының қызметкерлері оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, мұқият қарап шықты. Куәлардан жауап алынды.
Осылайша полицейлердің кәсіби шеберлігі арқасында жедел ақпарат көздері арқылы аталған қылмысқа күдікті азамат «ізін суытпай» 3 сағат ішінде ұсталды. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Ол жергілікті тұрғын жас жігіт болып шықты. Ол оңай жолмен келген қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жібергені анықталды.
Қазіргі таңда қылмыстық іс екі тараптың ымыраға келуіне байланысты қысқартылды.
Ал жәбірленушіге келтірілге материалдық шығын өтелді. Осы орайда Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар. Ұрылардың жолын кесу үшін, қауіпсіздік шараларын іске асырыңыздар, мүмкіндігінше сауда орындарына бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыш құрылғыларын орнатыңыздар, терезелерді темір тормен бекітуді естен шығармаңыздар.
Егер, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада 102-ге хабар беріңіз.