Қала әкімі Қарабастау ауылындағы жұмыстармен танысты

193

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданына қарасты Қарабастау тұрғын алабына арнайы барып, инженерлік жүйелермен қамту, жол жөндеу, абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарды қадағалады.

Қаланың бес жылдық даму жоспарына сәйкес, елді мекендерді инженерлік желілермен қамтудың Жол картасы бекітілген. Қала шағын аудандары мен тұрғын алаптарында айқындалған өзекті мәселелер осы межеге сәйкес кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Биылғы жылы тұрғын алаптың жаңақұрылыс аумағында қоныстанған бір жарым мыңға жуық абонентті сапалы ауыз сумен қамтудың жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Тәртіпке сәйкес, қажетті құжаттар топтамасы әзірленгеннен кейін нысан құрылысына қаржы бағытталып, жаңа су құбырлары тартылатын болады.

Елді мекендегі электр желілерін жаңарту бағытында биылғы жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша 19 шақырым электр желілері тартылып, 800-ге жуық баған мен 5 трансформаторлық бекеттер ауыстырылған. Жаңақұрылыс аумағында 750 абонентті бюджет есебінен сапалы электр желісімен қамту жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде, елді мекендегі 1350 жаңа абонент сапалы электр қуатымен қамтылды.

Табиғи газ жүйелерін тарту бойынша келесі жылы тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленетін болады.

Жол инфрақұрылымы саласында жаңақұрылыс аумағындағы 26 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Осы аумақта ашық үлгідегі заманауи спорт алаңшасы тұрғындар игілігіне берілген.

Қала әкімі аталған жұмыстардың барлығы тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқанын атап өтті. Елді мекендерде азаматтар үшін лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асып, елді мекендегі өзекті мәселелер ретімен шешілетіндігін айтты.