Бай-бағландар мен бастыққа жақын болсаң табысқа жетесің…

624

«Ел жастары бастықтарға жақын жүретін жемқорлар мен алаяқтарға қарап бой түзеуде». Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің болашағына алаңдаған президент осы мәселені сөз етті. Айтуынша, жас буынның басым бөлігі адал еңбек еткісі келмейді. Себебі, олар шалқып өмір сүріп жатқан жемқорларға еліктейді. Ал өскелең ұрпаққа үлгі болрлық елдегі атқамінерлердің сиқы да мәз емес, дейді, Президент.

Жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың маңдай термен жұмыс істегісі келмейтінін ашып айтты. Өйткені, жас буын бізде адал еңбек бағаланбайды деп есептейді. Сондықтан бастықтарға жақын жүріп, жеңіл жолмен күн көріп жатқандарды үлгі етуде. Тіпті кейбірі мемлекетке масыл болуды әдетке айналдырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті, соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса, тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда».

Президент жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайтын тұрғындарды да сынға алды. Тіпті, олар жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де тайынбайды. Бүгінде бұл басты мәселе болып отыр деген Қасым-Жомарт Тоқаев елді адал еңбек етуге шақырды. Өйткені, жұмыс істеу- бәрімізге ортақ міндет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кеҢ тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз»

Дегенмен, қанша жұмыс істесе де мардымсыз жалақы алатындар аз емес. Әйтсе де бүгінге дейін халықтың табысы өсіп жатыр деген көпірме есеп көп берілуде. Осылай деген Мемлекет басшысы бүгінде жұмыс берушілердің пайдасы мен бағаның көтерілуіне қарағанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсіп жатқанын жеткізді. Тіпті бизнеске жүктеген кейбір қосымша шығынды кәсіпкерлер халықтан өндіріп алуға тырысатыны жасырын емес дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс».

Сондай-ақ Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек екенін қадап айтты. Ал бұл саясат, санасыз шенеуніктердің қисынсыз әрекеттеріне жол бермейді.

                                                                                             Мөлдір Ибадуллаева