Тоқаев Қытайда өтетін Азия форумының сессиясына қатысады

24
фото Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 наурыз күндері Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлады Ақорда. Президент Боао Азия форумының сессиясына қатысады.

Сапар аясында басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР басшылығымен, халықаралық ұйымдардың және Қытайдың ірі компанияларының жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.
26-29 наурыз аралығында Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясының Боао қаласында өтетін форумға 60-тан астам ел мен аймақтан 2000-ға жуық өкіл және 40-қа жуық елден 1100-ден астам журналист қатысады.
«Азия және әлем: Ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпты арқау ететін биылғы отырыста «Жаһандық экономика», «Ғылыми-технологиялық инновациялар», «Әлеуметтік даму», «Халықаралық ынтымақтастық» және «Сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру» сияқты мәселелер талқыланады.
2001 жылы құрылған Боао Азия форумы – аймақтық экономикалық интеграцияны ілгерілетуге және Азия елдерінің даму саласындағы мақсаттарын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге арналған үкіметтік емес және коммерциялық емес халықаралық ұйым.