Ботулизмнен сақтану жолдары

285

Ботулизм дегеніміз – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын нерв жүйесінің зақымдануымен жүретін, аурудың ауыр түрі нәтижесінде тез арада өлімге әкелетін тамақтан уланудың бір түрі.

Ботулизмнің қоздырғышы С.botulinum анаэробты жағдайда көбінесе ауа жоқ жерде көбейеді, әсіресе дұрыс жабылмаған банкілерде, үй жағдайында консервіленген азықтарда, баялды (баклажан), қияр, саңырауқұлақ, балық, салаттарда көптеп кездеседі. Адамның зақымдануы көбінесе үй жағдайында дайындалған консервілерді, үй жағдайында дайындалған шұжықтарды, қақталған балықтарды, т.б. токсиндермен зақымдалған тағамдарды тұтынған жағдайда болады.

Ботулизмнің негізгі симптомдары, клиникалық көріністері:
 көздің көруінің нашарлауы, «бұлыңғырлану», көз алдының «торлануы», затты екеулеп көруі, қабағының түсуі (птоз);
 сілекей секрециясының бұзылуы, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бөгде зат тұрып қалғандай сезіну;
 дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу, тілінің күрмелуі;
 тыныстың бұзылуы.

Ботулизмнің алдын алу жолдары:
 сатып алынған өнімдерді ағынды судың астында бірнеше рет тазалап жуу қажет;
 банкілерді, қақпақтарды стерилизациялау әдісіне аса назар аудару қажет;
 өнімдерді консервілеудің режимін сақтау, уксус немесе лимон қышқылын міндетті түрде пайдалану;
 қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою (тіпті дәмін де татуға болмайды!);
 үйде әзірленген консервілерді пайдалану алдында қуыру немесе қайнату (15-20 минуттай).
 үй жағдайында консервіленген салаттар, саңырауқұлақ, қияр, қақталған балық, окорокты, т.б базардағы және көшелердегі сатып жүрген белгісіз адамдардың қолынан сатып алмау.

Аурудың белгісі пайда болған жағдайда тұтынған өнім қалдықтарын тастамай, зертханалық бақылау үшін сақтаңыздар!

Ботулизмнің алғашқы белгілері байқалса, тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, бұл Сіздің денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалады!