Студенттердің арасында ерте жүктілік көбейген

 

Шымкентте студенттер арасында ерте жүктілік көбейген. Сондай-ақ, білім алушылардың арасында кәсіби медициналық тексеруден жалған өту жағдайы жиілеген. Салдарынан, жастар арасындағы түрлі аурулар асқынған деңгейде анықталады. Бұл туралы қаладағы студенттік емхананың өкілі мәлімдеді. Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының жастармен өткізген алқа жиынында осы және өзге де маңызды мәселелер талқыланды. 

Шымкентте студенттер арасында ерте жүктілік көбейген. Бұл қыздардың алдағы өміріне, денсаулығы мен психологиясына және оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Осылай деген студенттік емхананың бас дәрігерінің орынбасары ерте жүктіліктің кейінгі уақытта жиілегенін айтады. Сондай-ақ, дәрігер оқуға түсетін студенттердің медициналық кәсіби тексеруден өтпей, емханалардан керек анықтаманы ала салатынын айтты. Салдарынан студент кезіндегі тексерулерде көптеген аурулар анықталып, тіпті асқынып жатады дейді ол.

«Бізді ең қатты мазалайтын бірінші сұрақ – жүктілік. Бұл жасөспірімге бір проблема, одан ары қарай шығатын проблемалар тағы да көп. Көбіне баланың әкесі өзінің құрдасы болып келеді немесе зорлық-зомбылықтан кейінгі жағдай. Оқуға түсіп жатқан кездегі 075 форма деген болады ғой, ол профосмотр былай айтқанда, соны аумауқтық емханалардың «сау» деген анықтама алып келеді», – деді Студенттік емхана бас дәрігерінің орынбасары Тимур Байдуллаев.

Жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау фактісі де жиілеген. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жыл басынан бері 8 суицидтің анықталғанын айттты. Бұл тұрғыда дәрігерлер медициналық психолог мамандарының қажет екенін жеткізді.

«Айналдырған 4 жарым айдың ішінде 2024 жылы аяқталған суицид 8-ге жетіп отыр. Мен мұны өте күрделі мәселе деп есептеймін. Себебі ҚР Конституциясында көрсетілген біздің мемлекетіміздің басты байлығы – адам, оның өмірі мен денсаулығы. Мен тек аяқталғандарын ғана айтып отырмын«, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Бүгінде Шымкенттегі студенттік емханаға 10 мың жас тіркелген. Дегенмен мамандар мегаполиске жастар денсаулық орталығын ашуды сұрайды. Бұл көптеген аурулардың алдын алуға көмектесері сөзсіз дейді ақ халаттылар. Айта кетейік, Шымкент қаласында жастар саны 400 мыңға жуықтаған. Оның 135 мыңы студент жастар.