Құтқарушы иттер сертификаттаудан өтті

фото Отырар.кз

Шымкенттік төтенше жағдайлар департаментінде қызметтік иттер кезекті аттестаттаудан өтті. Берта есімді ит емтихан тапсырып, өзінің қабілеттерін көрсетті.

Бұл құтқару жасағының құтқарушысы Берта есімді ит. Ол түрлі төтенше жағдайда адамдарды құтқарады. 6 жастағы құтқарушы ит үйіндінің астынан табылған немесе қауіпті жағдайға ұшыраған жандарды көргенде бірден үріп белгі береді.

«Статисттің позасы әртүрлі болуы мүмкін. Жатса да, отырса да табады, бірден белгі береді. Біз ит бара алатын жерлерге бармаймыз ғой, түн болса да іздеп, тапқанда белгі береді. Дауыс шығарғанда барамыз, бұлар бізге көрсетеді, «дәл осы жерде жатыр» деп, біз бірден сол жерді қазып немесе шығарамыз», – дейді құтқару жасағының кинологы Атабек Абенов.

Атабек Абенов 7 жылдан бері төтенше жағдайлар департаментінде кинолог болып жұмыс істейді. Бертаны күшік кезінен көптеген нұсқауларға үйретіп, адамдарды әртүрлі қауіптен құтқарып келеді. Сөзінше, Берта үйретілген иттер арасындағы ең үздік жануарлардың бірі. Ол соңғы рет бұрынғы фосфоршылар сарайында үйінідінің астында қалған студенттің денесін тапқан.

Атабек Абенов, құтқару жасағының кинологы: «Айна базар» жақтағы баяғы «Фосфоршылар сарайында» тиктокер қайтыс болды ғой, соны тапқан. Түнгі сағат он жарымда соны тапқан біздің осы Берта. Мәйітті тауып, кейін марапатталды. Берта осы уақытқа дейін Қазақстан бойынша мақтау қағаздары өте көп, иіс жағынан, іздеу жағынан».

Төтеншелік иттер арнайы үйретілгендіктен адамды тістемейді, тапқан кезде тек үріп дыбыс береді. Бүгін Берта кезекті сертификациялаудан жақсы нәтижемен өтті.

Дастан Көмекбаев, Шымкент қаласының әскери полициясының аң үйретуші маманы: «Бізде ең жоғары 50 балл қойылады. Өту балы – 30. Қазір иттің өзі 36 балл жинап отыр. Әр команда қайталанғаны үшін балл алынып отырды, содан 36 балл жинады».

Бірінші кезеңнен сүрінбей өткен Берта табиғи аймақтарда және қираған ғимараттарда арнайы жасырынған адамдарды аз ғана уақыттың ішінде іздеп тауып, үздік нәтиже көрсетті.

Қазір құтқару жасағында Бертамен бірге үш күшік арнайы нұсқауларға үйретіліп, дайындалып жатыр. Олар да жақын арада сертификациялаудан өтеді. Айта кетейік, Берта 2 жылдан кейін зейнет демалысына шығады.