Бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды

фото Отырар.кз

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының бесінші сессиясында алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды. Жиында су тасқыны орын алған өңірлерге шымкенттік этномәдени бірлестіктер белсенді үлес қосқаны, жалпы 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілгені айтылды. Сессия отырысында ассамблея мүшелері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді. 

«Тірегіміз – тәуелсіздік, байлығымыз – бірлік, мақсатымыз – өрлеу». Шымкентте осындай тақырыппен ҚХА бесінші сессиясы өтті. Жиынға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мемлекетіміздің басшысы «Бірлік. Жасампаздық, өрлеу» тақырыбымен өткен ҚХА 33 сессиясында идеологиялық бағытта атқарылатын жұмыстар туралы нақты бірқатар тапсырма берді».

Еске салайық, су тасқыны орын алған өңірлерге этномәдени бірлестіктер белсенді үлес қосып, Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясынан жалпы 120 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді.

Асхат Нұрлыбаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Өз жерімізде болып жатқан апат кезеңінде естіген алғашқы күннен бастап, жүректің ісіне, жан жылуына ерік беріп, Шымкент халқы болып, су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау үшін арнайы бекет ашып, бір апта ішінде 4 фура 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек басқа өңірлерден ең бірінші болып жіберіп үлгердік».

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бесінші сессиясы мегаполисте тұратын барлық этностардың өкілдерін жинады. Күн тәртібінде идеологияны қалай нығайтуға болатындығы, ана тілінің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мәселелері қаралды. Бұл ретте шымкенттіктердің ауыз толтырып айтар нәтижелі атқарылған жұмыстары мен нақты жоспары бар.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары: «Шымкент қаласы мегаполис ретінде оқу-ағарту, тарихи-мәдени танымдық, жобалар үшін өте қолайлы орта. Этномәдение бірлестіктерде мұндай деңгейде жобалар атқарылып келе жатыр. Біз жас ұрпақты осы құндылықтар негізінде тәрбиелеу бойынша нақты жобалар әзірлеуіміз қажет».

Сессия отырысында ассамблея мүшелері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, жиында бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.