Шымкент қаласындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай

362

 

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың бірінші айында және 2021 жылы қызылша аурушаңдығы тіркелмеген, ал 2020 жылдың тек 4 айында ғана 873 жағдай тіркелген. Қызылша ауруының көбеюіне байланысты 2020 жылы жаппай қосымша егулер жүргізіліп, аурушаңдықтың төмендеуіне әсерін тигізді. Егуден кейінгі қалыптасқан иммунитет қызылша ауруынан қорғайды, ал ауырған жағдайда аурудың жеңіл түрде және асқынусыз өтуіне септігін тигізеді.

Қызылша – өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егуге және вакцина егу кеңінен тарағанға дейін, қызылша ауруының ірі эпидемиясы 2-3 жылда қайталанып, жылына 2,6 миллионға дейін өлім жағдайлары тіркелген.

Инфекция қарым-қатынас және ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Вирус сыртқы ортаға сөйлеген кезде түкірікпен, жөтелген, түшкірген кезде бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалық, сыртқы ортаның тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі.
Ауру адам – инфекция көзі Ол айналадағыларға инкубациялық кезеңнің 2-күні, бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-күнге дейін қауіпті. Ал 5-күнгі бөртпелері бар адам ауруды жұқтырмайды деп саналады. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында аналық антиденелер сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және кез-келген жаста ауырып қалуы мүмкін.

Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Есте сақтайтын ең маңызды жайт – ауру бөртпе шығудан басталмайды, ол суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Сондай-ақ көздің шырышты қабығының қабынуы, беттің шырышты қабығында (азу тістерінің қарсысында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Бөртпелердің орн

ында қоңыр дақтар қалады. Олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта таза болады.
Асқынуы: ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.

Қызылшаның белгілерін байқаған сәтте дер кезінде дәрігерге қаралу керек. Бұл уақтылы диагноз қойып, ем тағайындау және ұйымдастырылған ұжымда тіркелген жағдайда індетке қарсы іс-шараларын жүргізу үшін маңызды.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет жасайды. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Егу тұрақты қорғанысты тудырады. Эпидемиологиялық көрсетіліммен қосымша егуді науқаспен қатынаста болған 30 жасқа дейінгі егілмеген адамдарға салады.