«Талан таражға салып, қызығын көріп жүр»: Қ.Тоқаев субсидияларды жымқыру туралы айтты

113

«Талан-таражға салып, қызығын көріп жүр». Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылық министрлігінің жұмысын қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөлінсе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын жетістік жоқ деді. Сондай-ақ, ол елімізде құрылыс саласында да бәсекелестіктің ақсап тұрғанын айтты.

«Субсидия иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсіп жатыр». Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер кәсіпкерлерге субсидияны тек таратып берумен ғана шектелгенін жеткізді. Мәселен, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 7 трлн. теңгеден астам қаржы бөлінсе де, бұл салада ешқандай ілгерілеу байқалмаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық істі тергеген. Оның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты істер болды. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд. теңге бөлінді. Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есеге көп көрсетілген. Кейде қағаз жүзінде игере салған».

Мемлекет басшысы елімізде құрылыс саласында да нағыз бәсекелестік жоқ екенін айтты. Тек бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болғандықтан, коммерциялық нарықта мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Үкіметтен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі дамыту жөнінде шаралар пакетін қабылдауды тапсырамын. Тендерлерді үнемі жеңіп, содан кейін құрылыс жобаларын қосалқы мердігерлік компанияларға, қосалқы мердігерлік компанияларға беретін құрылыс компанияларының есімдері белгілі».

Сөз соңында, Тоқаев субсидиялау жүйесі шаруаларды ынталандыра алмауына байланысты Аграрлық-өнеркәсіптік кешені саласы дамымай қалуы мүмкін екенін айтты. Бюджеттің ақшасы оңды-солды таратыла беретін тегін дүние емес деген Президент, Үкіметке субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеуді тапсырды.

Әлихан Файызханов